
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысына ҚР ДСМ аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова бастаған мониторингтік көпбейінді топ шықты.
Топтың құрамында - профессор, анестезиолог-реаниматолог Ағзам Жұмаділов, сондай-ақ Ақтөбе облысының және Шымкент қаласының бас гинекологтары, Түркістан облысының бас неонатологы, Қарағанды облысының бас госпиталдық эпидемиологы, Қостанай облысының бас акушері кірді.
Мониторингтік топ Өскемен қаласындағы №2 ҚЕ, "Ем-сау" ҚЕ, "Ана мен бала орталығы", Риддер қаласындағы перзентханада, Күршім, Зайсан, Алтай аудандарының АОА-да болды.
Сапар барысында ауылдық жерлерден келген жүкті әйелдермен кездесулер өтті.
Мониторингтік топтың басшылары мен мүшелері қойылған сұрақтарға жауап беріп, пренаталдық бақылау және босану тақырыптары бойынша түсініктемелер берді.
Жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша медициналық ұйымның басшыларына жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту, акушер-гинекологтармен, реаниматологтармен, неонатологтармен кадрларды жиынтықтау бойынша ұсынымдар берілді.