
Жамбыл облыстық жоғары медициналық колледжінің базасында "Ұлттық және халықаралық аккредиттеу стандарттарының талаптарына сәйкес медициналық ұйымдарда сапа менеджменті жүйесін енгізу" тақырыбы бойынша емдеу мекемелерінің басшыларына, медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасарларға, өңір сарапшыларына арналған 5 күндік семинар-тренинг курсы басталды.
Оқытуды халықаралық деңгейдегі сертификатталған сарапшы Айнагүл Байбекова жүргізеді.
Қатысушыларға Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова құттықтау сөз сөйлеп, жемісті жұмыс, қызықты және нәтижелі пікірталас тілеп, семинар денсаулық сақтаудағы сапа менеджменті жүйесінің өзекті мәселелеріне арналғанын атап өтті.
Семинардың теориялық бөлімінде денсаулық сақтаудағы сапа менеджменті жүйесі туралы ұғымдар, терминдер мен анықтамалар қаралды, қатысушылар ҚР сапа саласындағы заңнамасымен танысты, емдеу мекемелеріндегі қызметтердің жоғары сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігін үздіксіз жақсарту және қолдау мәселелерін, сондай-ақ Сапа менеджментінің кезеңдерін: жоспарлау, жобалау, өлшеу, орындалу мониторингі, іс-шараларды бағалау және оларды жақсарту мәселелерін зерделеді.
Семинардың теориялық бөлімінде алған білімдерін қатысушылар практикада - емдеу мекемесінің стратегиялық жоспарына сәйкес келетін сапа жүйесінің тиімділік көрсеткіштерін және барлық қызметтер арасында сапаны жақсарту жөніндегі қызметті үйлестіру тетіктерін әзірлей алды.
Семинар-тренингтің қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталады.