
Медициналық мекеменің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді.
⠀
Медициналық нысанды «BI Group» компаниялар тобы салды.
Аурухана ғимараты тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульдік блоктардан тұрғызылды. 200 орынға есептелген аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған.
⠀
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президентке індетке қарсы күрестегі медициналық көмектің проблемалары мен оны жетілдіру жолдары туралы баяндады. Мемлекет басшысы науқастарды емдеуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көрді.
⠀
«BI Group» құрылыс холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрылыс жұмыстарының барысы мен аурухананың ерекшеліктері туралы айтты.
⠀
Мемлекет басшысы аталған аурухананың мұндай типтегі еліміздегі алғашқы медициналық мекеме екенін атап өтіп, ғимаратты салған құрылысшыларға ризашылығын білдірді.
⠀
Қазақстан Президенті дәрігерлермен әңгімелесу барысында отандастарымыздың денсаулығын сақтау үшін қажырлы еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.
⠀
Медицина қызметкерлері қолдау көрсеткені үшін мемлекет пен Президентке алғыс айтты.