
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барып, медициналық ұйымдардың жұмысымен танысты.
Облыстық көп бейінді балалар ауруханасына ("Қамқорлық" оңалту орталығы, реанимация, жалпы хирургия бөлімшелері, операциялық блок) бару барысында вице-министр Мемлекет басшысы айқындаған салалық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің кәсіптік біліктілігін арттыру, жалақы, қажетті жабдықтардың болуы мәселелері талқыланды.
Ағымдағы жылдың сәуір айында ашылған облыстық онкологиялық диспансердің радиология бөлімшесінде вице-министр заманауи үлгідегі желілік үдеткіштің жұмыс тәртібімен танысты. Бұл құрылғы сеанстарды жылдам өткізуге арналған, бұл күніне 45-50 ем-шара, жылына 700 пациент.
Сапар барысында облыстық перинаталдық орталықтың әйелдер реанимациясы, балалар реанимациясы және перзентхана бөлімшелерінің негізгі міндеттері, Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және орталық қызметкерлерімен жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер үшін жағдай жасау туралы талқыланды.