Отандық мамандарға COVID-19 жеңіп шығуға көмектесу үшін Қазақстанға Қытайдан дәрігерлер келді

Отандық мамандарға COVID-19 жеңіп шығуға көмектесу үшін Қазақстанға Қытайдан дәрігерлер келді

Биыл 9 сәуірде сағат 19:20 ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен Нұр-Сұлтан қаласына он адамнан тұратын қытайлық делегация келді: ҚХР Іле-Қазақ автономиялық округі губернаторының орынбасары, түрлі саладағы дәрігерлер (интенсивті терапия, инфекциялық бақылау, пульмонология, қоғамдық денсаулық сақтау, нефрология) және жаңа коронавирустық инфекциямен (COVID-19) күресте тәжірибесі бар медбикелер.
⠀
Мамандармен бірге Қытайдан 5,5 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді, ішінде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен техника бар.
⠀
Бұл бастаманы екі ел арасындағы келісім аясында Қазақстан жағы ұсынған. Биыл 24 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Төрағасы Си Цзиньпин мырза телефон арқылы сөйлескен болатын, әңгіме барысында тараптар ҚХР Қазақстанға COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күресте жан-жақты қолдау көрсетеді деп уағдаласқан.
⠀
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен (ҚР СІМ, ҚР ІІМ, ҚР БМ, ҚР ҚМ МКК) бірлесіп, Колумбия университетінің (АҚШ) Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP орталығымен тығыз әріптестік аясында Шеврон компаниясының жедел қолдауымен Қытай делегациясының Қазақстанға келуін және ҚХР-дан гуманитарлық көмек алуды ұйымдастырды.
⠀
Қытай делегациясы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында 15 күн болады. Сапар бағдарламасында: қауіпсіздіктің шараларын сақтай отырып, көпбейінді ауруханалар мен емханаларға бару; түрлі саладағы дәрігерлер үшін онлайн тренингтер өткізу; барлық өңірдегі дәрігерлердің және денсаулық сақтау басқармалары мен қытайлық дәрігерлердің қатысуымен онлайн жиын өткізу; Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларындағы медициналық ЖОО және денсаулық сақтау басқармаларында кездесулер; баспасөз мәслихаттарына қатысу және т. б. жоспарланған.
⠀
Қытай сарапшылары коронавируспен күресте өз тәжірибесімен бөліседі, атап айтқанда ұлттық және аймақтық деңгейде COVID-19 алдын алу және бақылаудың қытайлық механизмі, оқшаулау алгоритмін, COVID-19 бойынша Қытайда қолданылатын эпидемиологиялық зерттеу әдістерін, емдеу және диагностика хаттамаларын, медицина қызметкерлерінің індетті жұқтырмау механизмдерін және т.б. ұсынады.
⠀
Қытай дәрігерлері сапарының қорытындысы бойынша COVID-19 алдын алу шаралары, коронавирус шалдыққан науқастарды емдеу алгоритмі, жұқтырғандарды анықтау және оқшаулау тетіктері, эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу әдістері, зертханалық диагностика, эпидемиолог мамандар даярлау және т. б. жетілдіріледі.