А. Есмағамбетова халықаралық «Кең ауқымды толық иммундау» форумда Қазақстанның жетістіктері туралы айтты

А. Есмағамбетова халықаралық «Кең ауқымды толық иммундау»  форумда Қазақстанның жетістіктері туралы айтты

Бүгін «Кең ауқымды толық иммундау» атты Еуропалық иммундау апталығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова иммундау мәселелеріне арналған халықаралық форумға қатысты. Халықаралық форум Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының базасында өтті.

Форум жұмысына сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі – ДДСҰ), Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдігінің, Орталық Азия өңіріндегі Ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі (СDC/CAR) америкалық орталықтың халықаралық сарапшылары қатысты.

Форумда ДДСҰ Елдік офисінің ҚР-да иммундауды жетілдірудегі үлесі, ЮНИСЕФ-тің ҚР-дағы иммундау саласындағы саясаты және COVID-19 пандемиясы кезінде вакцинамен басқарылатын инфекциялар жөніндегі  болжам атап айтылды.

ДДСҰ деректері бойынша полиомиелитке, сіреспеге, дифтерияға, көкжөтелге, қызылшаға және эпидемиялық паротитке қарсы жоспарлы иммундау жыл сайын әлемде 2-3 млн. баланың өмірі мен денсаулығын сақтайды.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері өз сөзінде вакцинация – профилактикалық денсаулық сақтаудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті, себебі вакциналар өмірді сақтайды, балалардың денсаулығын айтарлықтай жақсартуға көмектеседі және мүгедектікті, иммундық профилактика арқылы алдын алуға болатын аурулардан өлімді және аурудың салдарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының профилактикалық егулер күнтізбесі әлемдік үздік практикаларға сәйкес келетіні атап өтілді. Вакцинацияның арқасында ҚР-да инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық саламаттылық қамтамасыз етілді. 2002 жылы Қазақстан полиомиелиттен еркін аумақ ретінде сертификатталды. Иммундау арқылы инфекциялық аурулар мен олардан болатын өлім деңгейінің төмендеуіне қол жеткізілді.

Соңғы 30 жылда:

- қызамықпен сырқаттанушылықтың – 1993 жылғы 11 мыңнан 2010 жылдан бастап бірлі-жарым жағдайға дейін;

- эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың – 660 еседен астам;

- халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттанушылықтың – 67 есе, ал осы инфекцияға қарсы егілген балалар арасында – 141 есе (1998 жылдан бастап ВВГ-ға қарсы вакцинация енгізілді) төмендегені байқалды;

- көкжөтелмен сырқаттанушылықтың төмен деңгейі сақталып тұр.

Біздің елімізде вакцинация мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Жыл сайын иммундау жүргізу үшін шамамен 30 млрд.теңге бөлінеді. Балаларды вакцинациялау үшін өндірісін ДДСҰ сертификаттаған вакциналар қолданылады. Келіп түскен вакциналардың әрбір партиясы заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған иммундық-биологиялық препараттарға сараптама жүргізу жөніндегі биологиялық сынақтар зертханасының базасында қауіпсіздігі мен тиімділігіне сертификаттаудан өтеді.

Сонымен қатар, форумда вакцинация мәселелері жалпы алғанда ұлт денсаулығы үшін маңызды екені және халық пен медицина мамандарының қатысуымен кеңірек талқылауды қажет ететіні атап өтілді. Вакцинация деңгейін арттырудың бір жолы вакцинацияға қолжетімділік пен оның жайлылығын жақсарту, сондай-ақ халыққа арналған ақпараттық кампанияның деңгейін ұлғайту болып табылады.