Қазақстанда COVID-19 экспресс-тест тексеруінен кімдер өтеді

Қазақстанда COVID-19 экспресс-тест тексеруінен кімдер өтеді

Қазақстанда COVID-19 коронавирустық инфекциясының бар-жоғына экспресс-тестілер өткізу үшін пациенттерден сауалнама алу жүргізіледі. Тест өткізу рәсімін оңайлату үшін ҚР ДСМ Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының https://formcovid.eisz.kz/index.html сайтында пациент деректері енгізілетін сауалнама үлгісі жасалды. Эпидемиологиялық іріктеу қорытындылары бойынша бірінші кезекте тест тексеруінен өтетін азаматтар санаты белгіленді. 

Сонымен, алғашқылардың бірі болып тексеруден медициналық көмек көрсетуге тікелей қатысатын жедел жәрдемнің, амбулаториялық ұйымдардың, ауруханалардың қабылдау бөлімдерінің медициналық қызметкерлері, сонымен қатар қауіп топтарының пациенттері: тыныс алу жүйесінің ауруларымен диспансерлік есепте тұрған тұлғалар, респираторлық белгілері бар ауруханаға жатқызылмаған науқастар (жедел респираторлы вирустық инфекциялар, пневмония, пациентпен ықтимал байланысы бар адамдар, автомобиль өткізу пункттері мен темір жолдардағы мемлекеттік шекара өткізу пункттері арқылы Қазақстанға кіретін азаматтар, коронавирустың таралуының алдын алу шараларына қатысатын орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері ( Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Кеден қызметі, әкімдік қызметкерлері, карантиндік аймақтардың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қызметкерлері (коммуналдық қызметтердің қызметкерлері, азық-түлік, дәрі-дәрмек, тамақтандыру, жеткізу, көлік, KСK, дезинфекциялау қызметтерін ұсынатын және т.б.), сонымен қатар эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша басқа да азаматтарға өткізіледі.

Жалпы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 220 000 адамға дейін экспресс-тест тексеруінен өте алады. 

COVID-19 коронавирусына тестілеу қатаң түрде белгіленген биоматериал жинау бөлімшелерінде сауалнамаларды  іріктеу қорытындылары бойынша өткізілетін болады, онда басқа талдаулар қабылданбайды.  

Сайтта іріктеуден өткен пациенттер қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экспресс-тест тексеруіне қатаң түрде көрсетілген уақытта шақырылады және өз кезегін көшеде қан тапсыру бөлімшелерінің алдында өзара 1,5-2 метр арақашықтық сақтап күтіп тұрады, ал орынжайға бір-бірден шақырылады. Кіретін және шығатын пациенттер легі екі жаққа бөлінеді. Тест тексеруінен өтудің міндетті шарты – пациенттің тіркеу куәлігінің және бетпердесінің болуы. Тест-тексеру анонимдік сипатта және алдын ала сауалнама жүргізусіз өткізілмейді.

Азаматтардан қан алу медициналық көрсетілімдер бойынша, жедел жәрдем бригадалары (шұғыл шақыртулар), зертханалық қызметтердің мобильді бригадалары арқылы, арнайы жасақталған бөлімшелерде (тек шақыру бойынша), автоөткелдерде (ҚР аумағына сапарлап келетін азаматтар үшін), сондай-ақ стационарларда жүзеге асырылады.

Аталған жобаның шеңберінде пайдаланылатын тестілердің сезімталдығы және тиімділігі Денсаулық сақтау министрлігінің зертханаларында алдын ала валидациядан өткізілетінін атап өту керек. Экспресс-тестінің өзі бірнеше реагент жағындысымен кіріктірілген тест-жолағы бар бір реттік пластик құрылғыдан тұрады. Тестілеу үшін күрделі құрылғы қажет емес. Талдауға қан саусақтан алынады, барлық пайдаланылатын аспаптар стерильді және бір реттік. Осындай тестілеу қорытындысын 15 минут ішінде алуға болады.  

Экспресс-тест арқылы коронавирус инфекциясына диагноз қойылмайтынын атап өту маңызды, өйткені ол ағзадағы вирусты анықтамайды, тек қана вирусқа деген иммундық жүйенің реакциясын бағалайды.

Тест қағидаты қанда SARS-CoV-2 коронавирусына (COVID-19) IgG/IgM кластары антиденелерін анықтауға негізделген. Инфекция жұқтырған 7-10 күннен соң бірінші болып IgM класты антиденелер өндіріледі. Олар аурудың жедел сатыда екенін айғақтайды. Әріқарай, инфекция жұқтырудан кейін 2-3 апта өткенде жұқтырылған инфекцияны және иммундық жауап қалыптасуын білдіретін IgG класты антиденелер өндіріледі. 

Сонымен бірге, егер адамда IgM класының оң нәтижелі антиденелері (немесе IgM және IgG оң нәтижелі антиденелерінің екі класы да) табылса, онда инфекция жұқтыру 7-14 күнге жуық уақыт бұрын орын алған. Бұл жағдайда, тест-тексерілуші бетперде тағып, өз алдына оқшаулану және ауруханаға жату мәселесін шешу үшін жедел жәрдем шақырту керек. 

Егер IgG класты оң нәтижелі антиденелер табылса – бұл осы адамның коронавируспен байланысы болғанын немесе иммундық жауаптың қалыптасуымен осы инфекцияны өткергенін көрсетеді. 

Теріс тест нәтижесін алу инфекцияның жоқ екенін немесе инфекция жұқтырудың таяуда болып, ал антиденелердің әлі түзіліп үлгермегенін айғақтай алады. Вирустың осылай тасымалдануы қоршаған қауымға қауіпті болуы мүмкін, сондықтан егер сіз карантинде болсаңыз, оқшаулану тәртібінде қала беру және барлық алдын алу шараларын қадағалау керек. Карантин аяқталғанда инфекция жұқтырылғанын түпкілікті жоққа шығару үшін қайтадан тест тексеруінен өту қажет.

Экспресс-тестілер сенімділігінің 90%-дан аспайтынын атап өтеміз, сондықтан жағдайлардың 10%-на дейін әрі жалған-оң, әрі жалған-теріс нәтиже беруі мүмкін. Диагноздың негізгі расталу әдісі бұрынғыша коронавирус РНҚ анықталатын аңқадан алынған жағындының ПТР-талдауы болып табылады.

Жоба «Cаби» қайырымдылық қоры мен Болат Өтемұратов қорының қаржылық қолдауымен іске асырылылады және мемлекеттік мекемелер базасында да, «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар базасында да жүзеге асатын болады.