
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да бейнекапсулалық эндоскопия арқылы жіңішке ішекті зерттеп-қараудың «алтын стандарты» қолданыла бастады. Бұл әдіс гастро-және колоноскопияның дәстүрлі әдістері үшін қолжетімсіз жіңішке ішек аймақтарын көзбен көруге мүмкіндік береді, дейді институт басқармасының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова.
«Зерттеудің бірегейлігі – жіңішке ішекті бүкіл уақытта қарап-тексеруге болады. Пациент ыңғайсыздықты сезінбейді, зерттеу үшін анестезия қажет емес. Емшара ауырсындырмайды. Бейнекапсула бір реттік, сондықтан пациент инфекция жұқтырмайды. Зерттеуді амбулаториялық жағдайда да, стационарлық жағдайда да жүргізуге болады», - дейді клиника басшысы.
Сонымен қатар, заманауи капсулалар жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған, кескін сапасы айтарлықтай жақсарды.
Клиниканың эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі Владислав Зелинский түсіндіргендей, асқазан-ішек жолын емшараға дайындағаннан кейін, зерттеу күні пациенттің беліне жазу құрылғысы бекітіледі.
Пациент капсуланы әдеттегі таблетка сияқты жұтады. Капсула табиғи түрде асқазан-ішек жолымен қозғалады, кіріктірілген камера суретке түсіреді, барлық ақпарат жазу құрылғысына жіберіледі. Әдетте алынған жазбаның ұзақтығы 14-15 сағатты құрайды. Эндоскопист дәрігер алынған мәліметтерді талдайды және қорытынды береді. Біраз уақыттан кейін капсула денеден табиғи түрде шығып кетеді.
Бұл зерттеу әдісі темір тапшылығы анемиясы кезінде жіңішке ішектен қан кетуге күдік болған кезде, нәжістің жасырын қанға оң талдауы, жіңішке ішектің қабыну аурулары, соның ішінде тұқым қуалайтын полипоз синдромдары бар пациенттерде Крон ауруы мен жіңішке ішектің ісігіне күдік болған кезде, шығу тегі белгісіз іштің ауыруы және этиологиясы түсініксіз тез салмақ жоғалту кезінде көрсетілетінін айта кеткен жөн.