
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі «Атамекен» ҰКП ҚР және бизнес-қоғамдастық арасынан салалық сарапшылармен бірлесіп 408 реттеуші актіге талдау жасады.
«Денсаулық сақтау» саласы бойынша кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі қалыптастырылды. Тізілім нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптардың дерекқоры болып табылады.
«Денсаулық сақтау» саласы бойынша тізілімде 300-ден астам реттеуші актілер бар, онда кәсіпкерлік саласында 14000-нан астам міндетті талаптар анықталған, оның ішінде 110 реттеуші актілер жұмыс тобы отырыстарының нәтижелері бойынша 1600-ге жуық талаптарға өзгерістер енгізуге жатады.
Осылайша, Денсаулық сақтау саласындағы жаңа реттеуші саясатқа көшу кәсіпкерлік субъектілері үшін әкімшілік тосқауылды төмендетуге және мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу және ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуші базаны жетілдіру, мемлекеттік бақылау жүйесін реформалау үшін кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясатты енгізуге бағытталған.
«Таза парақтан» реттеуді енгізудің негізгі міндеті реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін міндетті тетік ретінде міндетті талаптар тізілімін сапалы қалыптастыру болып табылады.