
«Коронавирустық инфекцияға қарсы үш ай күрестік. Өкінішке қарай, жайсыз хабарды жеткізуге мәжбүрмін, тексерудің қорытындысына сәйкес 2 адамнан инфекция анықталды. Бүгін, 13 наурызда Алматыда Германиядан келген 2 азаматтан коронавирус инфекциясы табылды», - деді Елжан Біртанов.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен аталған пациенттер алгоритмге сәйкес инфекциялық стационарға жатқызылды.
Эпидемияға қарсы қажетті шаралар, оның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекция жасау жұмыстары жүргізілуде.
Карантин үшін төсек-орындар дайын, медициналық препараттар мен дезинфекцияға арналған құралдар жеткілікті, медицина қызметкерлері көмек көрсетуге әзір.
Инфекцияға байланысты жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қатаң алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді:
- қолды, бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- адамдар көп жиналатын жерлерге мүлдем бармау;
- сырқат адамдарға жақындамау;
- суық тию белгілері пайда болған жағдайда ( дене қызуы жоғарылап, мұрын бітелсе, жөтел, тамақтың ауыруы) тез арада үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан оқи аласыздар және өзге де сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады.