Бүгін ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттары медициналық қызметтердің қолжетімділігін, сапасы мен тиімділігін арттыру үшін отандық және әлемдік тәжірибе негізінде денсаулық сақтаудың жаңа, жетілдірілген моделін құру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс жобасын алғашқы оқылымда қарады.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз баяндамасында атап өткендей, стратегиялық құжатты әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің жетістіктері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстан–2050 Даму стратегиясының ұсыныстары ескерілді.
Жалпы, өткен жылы Кодекс жобасы көпшілік арасында 10 рет ашық талқылаудан өтті, сонымен қатар, "Нұр Отан" партиясының алаңында да құжатқа арналған жиындар болды. Жұмыс тобы Кодекс жобасы «Ашық НҚА» порталына жариялағаннан кейін азаматтардан келген 3 мыңнан астам ұсыныс қарады. Халықты толғандыратын барлық мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру үшін денсаулық сақтау саласындағы беделді сарапшылардың қатысуымен әлеуметтік желілерде тікелей эфирлерлер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жаңа редакцияға қоғамдық денсаулық, медициналық көмек, денсаулық сақтау саласындағы білім және ғылым, фармацевтикалық қызмет, кадрлық саясат және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау, сандық денсаулық сақтау сияқты 6 маңызды бағыт енгізілді.
Елжан Біртанов депутаттардан бас құжатты қабылдау алдында "Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауын сұрады. Бұл барлық заңнамалық қайшылықтарды жоюға және заңнаманы кодекстің жаңа редакциясының нормаларына сәйкестендіру үшін қажет. Министр атап өткендей, жаңа құжат қабылданса, нормаларды Қазақстанның халықаралық міндеттерімен үйлестіруге, шет елдерде табысты іске асырылып жатқан жаңа құқықтық институттарды енгізуге және оларды ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді.
Заң жобасы бойынша 21 заңнамалық актіге, оның ішінде 8 кодекске: қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару, процессуалдық , азаматтық іс жүргізу, еңбек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және Неке туралы Кодекске түзетулер енгізіледі.
Мысалы, созылмалы ауруларды ерте диагностикалау және алдын алу мақсатында, сондай-ақ мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін қалыптастыру үшін жұмыс берушілердің жұмыс орнын (лауазымын) және орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтік тексеруден өту үшін қызметкерлерге әлеуметтік демалыс беру міндетін көздейтін Еңбек кодексіне түзету енгізу ұсынылады. Бұл ретте, жүкті әйелдерге кемінде үш жұмыс күні көлемінде демалыс беру қарастырылған.
«Бүгінде адамдардың көбінің жұмыстан қолы босамайды да скринингтік тексеруден өтпейді. Салдарынан онкология, артериялық гипертония, глаукома, қант диабеті сынды ауруларды асқындырып алады. Жүкті келіншектер де жұмыс күндері әйелдерге арналған консультацияға бара алмағандықтан, 12 аптаға дейін тіркеуге тұрмайды. Яғни, ана мен бала өліміне фертильді жастағы әйелдердің денсаулық индексінің төмендігі мен жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жауапкершілігінің жоқтығы себеп болады»,- деді Елжан Біртанов.
"Жарнама туралы" заңда темекі өнімдерін тұтынуды төмендету мақсатында балалар мен ересектерге арналған дыбыс-бейне материалдарда, теле-және бейнефильмдерде, театр-ойын-сауық қойылымдарында, радио-теле, бейне-және кинохроникалық бағдарламаларда темекі бұйымдары туралы жарнамаға және темекіні тұтыну процесіне тыйым салу ұсынылады.
«Қазақстан қазір әлем елдері арасында темекі шегуден алдыңғы қатарда тұр - 22,4% (ерлер арасында 42,4% және әйелдер арасында 4,5%). Өкпе обырының 90 пайызы темекіден пайда болады, ал өлім-жітім бойынша өкпе обыры 1 орында тұр", - деді Е. Біртанов.
Тағы бір түзету пациенттермен қатар медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық қорғауға бағытталған. Сонымен, заң жобасы ұсынған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормасы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Айта кетерлік жайт, үкіметтік редакцияда аталған заң бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – бес, лауазымды тұлғаларға – он, заңды тұлғаларға – отыз бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Қорытындылай келе, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов денсаулық сақтау жүйесінде аталған түзетулер қабылданған жағдайда бірқатар маңызды және қажетті өзгерістер болатынын айтты.