ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: 2019 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерге қол жеткіздік

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: 2019 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерге қол жеткіздік

       Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жұмысқа Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, ҚР Парламентінің депутаттары, облыстар мен қала әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың, "Нұр Отан" ХДП, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ҚР ДСМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстар мен қалалардың Денсаулық сақтау басқармаларының, ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің және ведомствоға қарасты  ұйымдардың басшылары қатысты.

       Отырыс барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды: Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы қызметінің нәтижелері және  2020 жылға арналған міндеттер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, сондай-ақ медициналық қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыруға арналған шаралар.

       ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндамасында соңғы 5 жылдағы  денсаулық сақтау саласында болған  бірқатар маңызды жетістіктерді атап өтті. Мысалы, елімізде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 1,2 жасқа, балалар өлімі (0-ден 5 жасқа дейін) 12 пайызға, ана өлімі 17 пайызға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 15 пайызға, обырдан қайтыс болғандар 14 пайызға, жарақаттан 21 пайызға, туберкулезден 51 пайызға төмендеді.

       Соңғы жылы сәтті жасалған реанимациялық көмек 40 пайыздан 42 пайызға жақсарды. Жедел жәрдемнің  орташа келу уақыты 13,6 минутқа дейін қысқарды, тозығы жеткен  санитарлық көліктер 5 пайызға азайып, орта есеппен 53 пайызды құрады, ал жабдықтау 96 пайызға жетті. Әрбір жедел жәрдем машинасына GPS навигациясы орнатылған.

        2019 жылы мемлекеттік медициналық ұйымдардың 57 пайызында  қабылдау бөлімшелері қайта жөндеуден өтті. Алайда, әлі де  ғимараттардың 56 пайызы ескіріп тұр. Сондықтан, денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында инфрақұрылымды жаңарту көзделген. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде Қазақстанда 19 аурухана мен әлемдік деңгейдегі бір оңалту орталығы, халықаралық деңгейдегі жиырма заманауи клиника салу жоспарланып отыр.

       "Нәтижесінде  ауруханалардағы төсек-орынның 50 пайызы  жаңарады, 500 мың пациентті емдеуге және заманауи медицинаның технологиялық бағыттары бойынша жылына 260 мың жоғары технологиялық операция жасауға мүмкіндік болады. Салынған 20 аурухананың 17-сі мемлекеттік меншікке беріледі. Осы мақсатта 1,1 трлн теңгеден  астам жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр ", - деді министр.

       Денсаулық сақтау министрі жүйенің негізгі ресурсы саналатын дәрігерлердің мәртебесі мен  еңбекақысын  арттыруға ерекше көңіл бөлді. Айта кету керек, 2019 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы екі рет өсті - 2019 жылғы 1 қаңтарда дәрігерлердің еңбекақысы  30 пайызға, орта медициналық қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға, сонымен қатар Елбасының "Әлеуметтік қамсыздандыру" әлеуметтік шараларын жүзеге асыру шеңберінде 1 маусымнан бастап жалпы медицина қызметкерлерінің табысы 30 пайызға өсті.

       Айта кетейік, 2020 жылы дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға, яғни 246 мың теңгеге дейін және орта медициналық қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға, яғни 144,6 мың теңгеге дейін арттыру үшін бюджеттен  91 млрд. теңге қарастырылған.

          Еліміз  үшін тағы бір өзекті мәселе - медициналық кадрмен  қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдар ұсынатын жыл сайынғы өтініштерге  сәйкес,  қазір қазақстанда 4 мыңнан астам дәрігер тапшы.

        "Әр өңірдегі сұранысқа қарай жыл сайын дәрігерлерді дайындау үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша жоспар жасақталады: 2020 жылы 7 мың 920 маман, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс аясында 5 мың 696 маман, аса тапшы мамандықтар бойынша 1 мың  128 дәрігер (ЖПД, педиатр, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, психиатр) ",-деді Е. Біртанов.

     Ол 2012 жылы "Білім туралы" заңға мемлекеттік  грант бойынша оқыған түлектерді 3 жыл міндетті түрде жұмыспен қамту туралы норма енгізілгенін еске салды. Сондықтан 2019 жылы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Республикалық Комиссия әр өңірдің қажеттілігі негізінде 2 мың  192 жас дәрігерді аймақтарға, оның ішінде ауылға – 834 адам бөлді. 1,5 мыңнан астам маманға жергілікті атқарушы органдар тарапынан елеулі әлеуметтік қолдау көрсетілді. Алайда өңірлер бұл жұмысты жаппай және толық  атқара алмай отыр.

    "Әкімдіктер кадр тапшылығын жою үшін  және халыққа  медициналық көмек қолжетімді болу үшін дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуі  тиіс", - деді Е. Біртанов.

     Министр Қазақстандағы  денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың  тиімділігін арттыру мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жайлы да сөз қозғады. Мәселен, 2017-2019 жылдар аралығында ӘМС қорында 247 млрд. теңге жиналды.  Биыл 2 айда аударымдар мен жарналар сомасы 64,3 млрд. теңгені құрады. Жұмыс берушілер жалдамалы қызметкерлер үшін 13,3 млрд. теңге, дербес төлеушілер 2,5 млрд. теңге төледі. Е. Біртанов мемлекет  те қарап қалмайтынын жеткізді: 10,6 млн адам жеңілдік жасалған 15 санатқа кіреді, олар  мемлекет есебінен МӘМС жүйесінде тегін емделеді. Ол үшін бюджеттен 48,5 млрд. теңге бөлінді.

     "Жалпы, бұған дейін әр адамға арналған  медициналық қызмет көрсету шығыны 55 мың теңге болатын, МӘМС арқасында 2020 жылы бұл сома 84 мың теңгеге жетті", - деді министр.

       МӘМС енгізудің барысы жайлы "МӘМС" КЕАҚ Басқарма Төрағасы Айбатыр Жұмағұлов баяндады. Ол 2020 жылы отандық медицинаға бөлінген бюджет 1,5 есеге артып, шамамен 1,6 трлн теңгеге жеткенін, ал МӘМС қаржыландыру көлемі - 570 млрд теңге екенін атап өтті. Сондай-ақ, төраға  МӘМС пакеті бойныша  медициналық қызметтерді тұтынушылар саны  артқанын айтты. Мәселен, жоспарлы түрде көрсетілген стационарлық қызметтердің көлемі 50 пайызға артты (2019 жылғы қаңтарда 39,8 мың жағдайдан 2020 жылғы қаңтарда 60 мыңға дейін). Шұғыл емдеуге жатқызу саны 14 пайызға төмендеді. 2019 жылдың қаңтарымен салыстырғанда консультациялық-диагностикалық қызметтерді тұтыну (мамандардың кеңесінсіз) 27 пайызға өсті. Оның ішінде КТ және МРТ қызметтерін тұтыну 54 пайызға, УДЗ – 21 пайызға артты. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерінің барлық бейіндері бойынша 48 пайызға  өскені  байқалады, оның ішінде неврология (инсульт) бейіндері бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 3,2 есе өсті. "Көріп отырғанымыздай, негізгі бағыттар бойынша көрсеткіштердің өсуі байқалады. Біз консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету, бизнестің қатысуымен  оңалту бойынша жаңа кабинеттер  ашуды жоспарлап отырмыз. МӘМС бойынша  сақтандырылған адамдар бұл қызметтерді тегін алады", - деді Айбатыр Жұмағұлов.

Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова да баяндама жасады. Ол комитетке медициналық көмектің  сапасына қатысты азаматтардан жыл сайын 4 мыңнан астам шағым келіп түсетінін, оның 70 пайызы  емдеу сапасына және этиканы бұзған мамандарға қатысты екенін айтты. «Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық қызметтердің сапасына тікелей байланысты индикаторлар бар, атап айтқанда 2025 жылға қарай медициналық көмектің сапасына азаматтардың 65 пайызы көңілі толуы тиіс, 2019 жылы бұл көрсеткіш 48,13 пайыз болған және 2025 жылға қарай медициналық қызмет көрсететін  аккредиттелген клиникалар 70 пайызға жетуі тиіс, қазір ол 33 пайызды  құрайды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін  кезең-кезеңмен шаралар әзірлеу маңызды деп санаймын», - деді комитет басшысының орынбасары.

Министр өз сөзін қорытындылай келе, 2020 жылға арналған бірқатар жоспарларды, атап айтқанда, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне толық көшу, денсаулық сақтау мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, "Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексін қабылдау, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және сапалы, қолжетімді денсаулық сақтауды дамыту сынды міндеттерін айқындады. Ол үшін мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу жоспарланып отыр: азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жеткізу, 30-дан 70 жасқа дейін негізгі төрт аурудан болатын  ерте өлім-жітім тәуекелін 20 пайыздан  15 пайызға дейін төмендету, ана өлімі 16,6 пайызға төмендейді, нәресте өлімі 2025 жылға дейін 9,5 пайызға төмендейді.

 "2020 жылы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаңа кезеңінің басым бағыттары, бұл: МӘМС-ке толық көшу, қабылданған жаңа мемлекеттік бағдарламаны іске асыру; "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының жаңа Кодексін қабылдау және медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру. Бұл міндеттердің сапалы жүзеге асырылатынына сенімдімін", - деп түйіндеді Е. Біртанов.