
Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевтың төрағалығымен "Астана" медициналық-фармацевтикалық кластерін дамытуға арналған жұмыс кеңесі өтті.
Жандос Бүркітбаев өзінің құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін 2025 жылға қарай 50% - ға дейін арттыруды тапсырғанын атап өтті.
"Алға қойылған мақсаттарды іске асыру шеңберінде 2022 жылғы 21 қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігінің "Инновациялық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әзірлеу бойынша медициналық-фармацевтикалық кластерлерді қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы" бұйрығы бекітілді. Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында кластерлік аймақтар құру жоспарлануда. Әр кластердің өзіндік ерекшелігі болады. Шымкент кластері дәрілік заттарды өндіруге, Ақтөбе бойынша кластерлік аймақ медициналық техниканы өндіруге бағытталған, ал Астана кластері фармацевтика саласын интеллектуалды сүйемелдеуге бағдарланатын болады", -деді вице-министр.
Кеңес барысында ҚР ДСМ-нің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту басқармасының басшысы Айнұр Кабираева өз баяндамасында Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы кластерлік аймақтар осы өңірлерде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін ірі медициналық және техникалық жоғары оқу орындарының, өндірістік алаңдар мен клиникалық базалардың болуына байланысты таңдалғанын айтты. Ол сондай-ақ кластер отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ кооперациялық өзара іс-қимылды кеңейту арқылы инновациялық технологияларды енгізу мақсатында құрылатынын хабарлады.
Қазақстанда фармацевтика саласын дамытудың негізгі элементтерінің бірі аурулардың даму жолдарын зерттеу және түсіну, мақсатты молекулаларды сәйкестендіру, дәрі-дәрмектерді ашу, дизайн және әзірлеу болып табылады. Мұның бәрін Назарбаев Университетінің зертханалары базасында жүргізуге болады, деп медицина жөніндегі вице-президент – NU медицина мектебінің деканы Массимо Пиннателли атап өтті.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінде комитет құрылымында алғаш рет Қазақстан Республикасындағы медицина және фармацевтика саласын дамытуды үйлестіру басқармасы құрылды. Медициналық фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин өз сөзінде атап өткендей, бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар дәрілік заттардың тізбесін қалыптастыру, еліміздің осы препараттарға қажеттілігін бағалау және оны отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту арқылы жүзеге асыру маңызды.
Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша Жандос Бүркітбаев әріптестеріне жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша алдағы бірлескен іс-шараларды үйлестіру мақсатында медициналық және фармацевтикалық кластерлерді дамытудың Жол картасын қалыптастыру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті.
Кездесуге сонымен қатар NU медицина мектебінің неврология кафедрасының профессоры Дитер Ритмахер, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Еркен Дауытбаев, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, NU медицина мектебінің, "UMC" ҚҚ және «СК-Фармация» өкілдері қатысты.