А.ҒИНИЯТ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІМЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ БІРҚАТАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

А.ҒИНИЯТ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРІМЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ БІРҚАТАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қостанай облысына жұмыс сапары шеңберінде ірі көпбейінді облыстық аурухана базасында медициналық жұртшылықпен кездесу өткізді.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы өз сөзін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының негізгі бағыттары туралы ақпараттан бастады және құжатты іс жүзінде тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтті.  «Сіздерде ұйымдастырушылық функция бар, біз қандай әдемі құжатты қабылдамасақ та, медициналық көмектің өзі жергілікті жерлерде, ауруханалар мен емханалардың қабырғаларында көрсетіледі. Ұлттық жобада барлық іс-шаралар нақты сипатталған және олар үлкен нәтиже беруі тиіс», - деп атап өтті министр өңірдің медицина қызметкерлеріне арнаған сөзінде.

Министр профилактикалық медицинаға басты назар аударып, медициналық алғашқы көмек деңгейіндегі үйлесімді жұмыстың рөлін атап өтті. Аса көп қаржыландыруды қажет ететін жоғары технологиялық және стационарлық көмектің көлемі қанша жерден артса да, біз негізгі созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулардың алдын алумен байыпты айналыспайынша, елеулі нәтижелерге қол жеткізе алмаймыз деп атап көрсетті.

«Ел дәрігерлерінің қажырлы жұмысының арқасында биылғы жылы біз жалпы өлім-жітімнің алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеуіне қол жеткіздік.  Егер біз қарқынын төмендетпесек, онда біз пандемияға дейінгі кезеңнің көрсеткіштеріне қайта ораламыз, өйткені КОВИД халықтың денсаулық көрсеткіштерін күрт нашарлатты», - деді А.Ғиният.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға келетін болсақ, халық медициналық сақтандыру жарналарын төлейді, бірақ әрдайым уақтылы медициналық көмек ала алмайды, бұл адамдардың арасында наразылық тудырады, деп жалғастырды министр кездесу барысында.

«Бірақ біз медициналық сақтандырудың есебінен денсаулық сақтау бюджетінің қаншалықты ұлғайғанын, қанша жаңа технологиялар енгізілгенін, оңалту дамығанын көріп отырмыз, енді біз бұл жүйені жергілікті жерде қолдаудың орнына, керісінше, жақсы жағынан көрсете алмай отырмыз, бұл мүлдем дұрыс емес. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін көрсету, сақтандырылмаған адамдардың арасында үгіт жұмыстарын жүргізу, медициналық сақтандырудың артықшылықтарын түсіндіру және медициналық көмектің тиісті сапасын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті А.Ғиният.

Бұдан әрі ол өңірдің медицина жұртшылығын ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі жобаның негізгі міндеттері, елдегі онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы, оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабардар етті. Министр медициналық кадрларды әлеуметтік қолдау, жалақыны көтеру мәселелеріне жеке тоқталып, дәрігерлер мәртебесін және медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін арттыру жөніндегі заң жобасы туралы айтты.

Министрге арнаған сөзінде сала ардагері, денсаулық сақтау ісінің үздігі Күпейе Әбдірахманқызы Мальчубаева педиатриялық қызметтің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, оны өмірге қайтаруды айтты, Министрге денсаулық сақтау ардагерлерінің кеңесіне құлақ асуға кеңес берді және табыс тіледі.

Кездесудің соңында, Республика күні қарсаңында Министр өңірдің бірқатар медицина қызметкерлерін «Еңбек ардагері» медальдарымен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады.