
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияға қатысты штабтың кезекті отырысы өтті.
Әлемдегі коронавирустық инфекция бойынша жалпы эпидемиологиялық жағдайды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы Дамир Көбжасаров баяндады.
Оның айтуынша, ҚХР COVID-19 пневмониясын жұқтырған 66 мың 492 адам тіркелген, оның ішінде 1 мың 523 науқас қайтыс болды (өлім көрсеткіші - 2 %). 8 мың 096 адам жазылып шықты (12%). Әлемде 28 елде COVID-19 (4 өлім жағдайы: Филиппин – 1, Гонконг - 1, Жапония - 2) пневмониясының 606 жағдайы тіркелген.
Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда тәулік ішінде коронавирустық инфекция бойынша қабылданған шаралар туралы айтып, жергілікті атқарушы органдармен пысықталуы тиіс проблемалық мәселелерді ортаға салды.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармасының басшылары карантиндік нысандар бойынша, соның ішінде карантиндегі пациенттердің жағдайы туралы баяндады.
Нұр-Сұлтандағы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, карантиндегі пациенттердің жағдайы жақсы, шағым жоқ, шығуға дайындалып жатыр.
Сонымен қатар, министр карантиннен шығарылған барлық адамдарды тұрғылықты жері бойынша қосымша бақылауды тапсырды.
Ал Бас инфекционист Динагүл Баяшева мен Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова ДДСҰ ұсыныстарын ескере отырып, карантинді күшейту шаралары бойынша ұсыныстар айтты.
Барлық өңірлердегі медициналық ұйымдар коронавирустық инфекцияға қарсы дайындығы туралы есеп берді.
Қазақстанда короновирстік инфекцияның тасымалдануы мен таралуын болдырмау мақсатында күн сайын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Бітарновтың төрағалығымен ТКҚСБК аумақтық департаменттерінің, ДСБ басшыларының қатысуымен коронавирустық инфекция бойынша штаб отырысы өткізілетінін еске сала кету керек.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей бақылауында екенін атап өту қажет.

