
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің нормаларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Үкіметтік емес ұйым, медициналық ұйымдар, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов қатысты.
Спикерлер Кодекстегі қоғамда қызу талқыға түскен өзгерістер туралы баяндама жасады.
Айта кету керек, Кодекс жобасы еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік тәжірибені зерделеп және ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес әзірленді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: "Кодекстің жобасы алғаш рет бір жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланды. Бүгін жетінші рет қоғамдық тыңдау өтті. Бізге мыңдаған ескерту, түзету мен ұсыныс келді. Әсіресе, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Жұмыс тобына алғыс айтамын, депутаттар халықтың пікіріне сүйене отырып кодекс нормаларын толықтырды".
Сонымен қатар, талқылаудан кейін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің жобасына адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты түзетулер енгізілді.
« «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жобасына бірқатар өзгеріс енгіздік. Әсіресе, егер адам тірі жүргенде ағзасын беруге қарсылық білдірмесе, ол өмірден өткен соң донор болады деген нормаға қатысты көп дау болды. Адам медициналық мекемеге келіп, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қарсы екенін ескертуі қажет. Мұндай мәлімет болмаса, адам қайтыс болғаннан кейін оның туыстары донорлыққа келісім беруі тиіс. Тек сонда ғана марқұм донор болуы мүмкін. Егер туғандары келіспесе, онда науқас донор бола алмайды», - деді министр.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық коалициясының төрағасы Мұрат Әбенов Кодекс жобасының нормалары ашық талқыға түсіп жүргенін атап өтті, медицина қызметкерлерін негізсіз айыптауға қарсы екенін, сондай-ақ ел азаматтарының денсаулығын қорғауға қатысты өз ұстанымдарын жеткізді.
Денсаулық сақтау Вице-министрі Ләзат Ақтаева Кодекс жобасының жаңа редакциясына шолу жасап, Кодекстің кадрлық саясат, қоғамдық денсаулық, медициналық көмек, фармацевтикалық қызмет және сандық Денсаулық сақтау сияқты негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.
ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюге: халықтың жаңа кодекс нормаларын белсенді талқылауы Қазақстанда азаматтық қоғамның кемелденуін және демократияның үрдістерін көрсетеді,- деді.
Сонымен қатар, Кодекс жобасының жекелеген бағыттары бойынша панельдік сессиялар өтті.
Сессияда Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров скринингтік зерттеулер, ата-анасының келісімінсіз 16 жасқа дейінгі балаларға консультациялық және диагностикалық көмек көрсету, міндетті профилактикалық егулер, фармацевтикалық қызмет, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік саясат сияқты бағыттарды талқылады.
Панельдік сессияда модератор болған Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, қатысушылармен бірге электрондық медициналық жазбаларды, электрондық денсаулық сақтауды, биомедициналық зерттеулерді қалыптастыру үшін дербес деректерге қатысты мәселелерді талқылады.
Дөңгелек үстел соңында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің нормаларын талқылау бойынша қорытынды жасалып, қатысушылар пікір алмасты.
Айта кету керек, жаңа кодекстің жобасы Азаматтық қоғам өкілдері, Парламент депутаттары, ҮЕҰ-мен бірлескен жұмыс нәтижесінде бүкіл халықтың пікірін ескере отырып қабылданады.


