Қазақстан ЕуроДДСҰ-ға мүше-мемлекеттерді субөңірлік ынтымақтастыққа шақырады

Қазақстан ЕуроДДСҰ-ға мүше-мемлекеттерді субөңірлік ынтымақтастыққа шақырады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа өңірлік комитетінің 72-ші сессиясының жұмысына қатысып жатыр.

ДДҰ-ның  Еуропа аумағындағы денсаулық сақтаудың жалпылама жағдайына қатысты талқылауда  ҚР ДСМ басшысы денсаулық сақтау қызметімен жаппай қамтудың өзекті мәселелері  және   тұрақты даму бағытындағы мақсаттарға жету  туралы өз ойын ортаға салды.

«Қазақстан 2030 жылға қарай тұрақты даму мақсаттарына жету жолында қабылдаған міндеттерін  орындау үшін жүйелі саясат жүргізіп келеді», – деп мәлімдеді А.Ғиният.

Министрдің айтуынша, «Дені сау ұлт»  әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында қолжетімді және сапалы медициналық көмек, Эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, елімізде өндірілген қолжетімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту секілді бағыттар бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

«Біз ЕуроДДҰ-ға мүше-мемлекеттерді  барлық өңір азаматтарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға бірлесе күш салуға шақырамыз. Ортақ проблемаларды шешіп, ортақ мақсатқа жұмылу үшін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ахуалы мен денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдастырылуы ұқсас елдерді жұмыс тобы мен бастамаларға қарай біріктіру арқылы Субөңірлер арасындағы ыгнтымақтастықты қалыптастыру өте маңызды», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі.

Бұл орайда ол Орталық Азиядағы денсаулық сақтау мен салауаттылықты қолдау бойынша жол картасының әзірленуін субөңірлік қарым-қатынастың жарқын мысалы ретінде келтірді. Құжат Өңірлік директордың қолдауымен әзірленіп, Орталық Азия денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен өткен 72-ші сессияда қабылданған еді.

Сөз соңында министр биыл 22-23 қыркүйекте Түркістанда өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының денсаулық сақтау саласы бойынша ынтымақтастық кеңесінің 35-ші отырысына және 2023 жылы ДДҰ-ның 75 жылдық мерейтойына, Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл  және МСАК бойынша Астана декларациясының қабылданғанына 5 жыл толуына орайластырылған ДДҰ Еуропа өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысу үшін министр сессия делегаттарын Қазақстанға шақырды.