Аймақтардың үздік тәжірибесі: Талас аудандық орталық ауруханасы пациентке бейімделген медициналық қызмет моделін қалай дамытып жатыр?

Аймақтардың үздік тәжірибесі: Талас аудандық орталық ауруханасы пациентке бейімделген медициналық қызмет моделін қалай дамытып жатыр?

Биылдан бастап Жамбыл облысы Талас аудандық орталық ауруханасында  Иммамырзаев Есмахан Әуесбекұлының жетекшілігімен үздік тәжірибелер орталығы сәтті жұмыс істей бастады. Соның арқасында аурухана жанындағы емхананың халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді ұйымдастыру ісі едәуір жағымды өзгерістер байқалады.  

Мәселен, емхананың бірінші қабатында әйелдер мен ерлерге арналған тексеру кабинеттері, скринингтік тексеру кабинеті, дәрігерге дейінгі кабинет, отбасын жоспарлау кабинеті, ресурстық кабинет, балаларды дамыту кабинеті, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинет және жастар денсаулық орталығы сияқты  бөлімшелер ұйымдастырылды.

Емхана әкімшісінің міндеті аға медбикелерға жүктелді. Олар кезектерді анықтап, оларды азайту бойынша тез арада шешім қабылдау үшін емхананы ұдайы аралап жүреді.

Емхананың екінші қабатында 2 отбасылық медицина бөлімі орналасқан. Отбасылық дәрігерлер мен жалпы тәжірибелік медбикелердің кабинеттері бөлек. Учаскелік медбикелер науқастарды  дәрігерге дейін өз бетінше қабылдай алады.  Дәрігердің жүктемесін азайтып, пациенттерді қабылдау мерзімін қысқарту үшін медбикелердің құзіреттері кеңейтіліп, дәрігерлердің кейбіп өкілеттіктері оларға берілді. Мәселен, медбике іс қағаздарымен айналысады, диспансерлік науқастарды қадағалайды, рецепт жазып, тексеруге жолдама береді.

Сондай-ақ, жүкті әйелдерді және фертильді жастағы  әйелдерді бірлесіп басқару үшін отбасылық денсаулық орталықтарында акушер-гинекологтар мен акушерлердің кабинеттері ұйымдастырылған. Сәбиді тамақтандыруға және құндақтауға арналған бөлме, сондай-ақ даулы, жанжалды мәселелерді ушықтырмай шешуге арналған «Татуласу» кабинеті ашылған.

Ауруларды басқару бағдарламасы  кабинетінің жұмысы айрықша назарға лайық. Өйткені бұл жерде пациенттерге қызмет көрсетуді жақсарту бойынша учаскелік желімен жұмыс жандандырылып, учаскелер бойынша мониторинг жүргізіледі. Мәселен, ауруларды басқару бағдарламасы аясында медициналық ұйым аудан әкімдігімен бірлесіп,  артериялық гипертензиямен есепте тұрған 2300 науқасқа қан қысымын өлшейтін тонометр және  жартылай автоматтарды қамтамасыз етеді.

Осы бағдарлама арқасында 2021 жылмен салыстырғанда, дәрігерлерді үйге шақыру, сондай-ақ 4 санатты жедел жәрдем шақырту – 13,5%-дан 7,3%-ға дейін төмендеді.  Науқастарды ауруды басқару бағдарламасымен қамту 57,7%-ды құрады. Бес жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау көрсеткіші 47,9%-дан 62,1%-ға өсті. Сондай-ақ бес жасқа дейінгі балалар өлімінің 2,3%-дан 0,5%-ға дейін төмендеуі байқалады.

Емхана  жанында патронаждық медбикелер кабинеті бар. Аға патронаждық медбике лауазымы енгізілді. Ол үшін 2 жетекші дәрігер оқытылды. Ал,  патронаждық медбикелер модульдер  және порталмен жұмыс істеу бойынша үздіксіз оқыту процесімен қамтылған. 

Бұған қоса емханада Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеу (БШАЫЕ) кабинеті жұмыс істейді.  Онда тек учаскелік желі үшін ғана емес, сонымен қатар емхананың басқа да медицина қызметкерлері, айталық, дәрігер-мамандар, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, акушер-дәрігерлер білімін шыңдайды. 

Сонымен қатар барлық медициналық құрылғылармен және құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу тренинг орталығы ашылды. Онда медицина қызметкерлерін оқытудан бөлек,  парамедиктер мен полицейлер шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша нұсқаулықтар беріледі. 

Талас аудандық орталық ауруханасының Үздік тәжірибе орталығында профилактикалық қызмет, халыққа әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсететін алдын алу және психоәлеуметтік көмек көрсету бөлімдері де бар.

Суицидтің алдын алу шараларына айрықша көңіл бөлінеді.  Емхана психологтары мектептердегі, колледждердегі  әріптестерімен бірлесе  күйзелу және суицидке бейімділікті анықтау үшін жасөспірімдер мен студенттер арасында сауалнама жүргізеді.

«Ерлердің ұзақ өмір сүруі» жобасы аясында ұл балалар  арасындағы аурудың алдын алу  үшін белсенді шаралар атқарылады. Атап айтқанда, барлық мектепте ұлдардың әкелерімен жыныстық даму және ауруды анықтау бойынша дөңгелек үстелдер өткізілді. Ерлер қабылдау бөлмесінің фельдшері  мектеп пен колледждердің 12-14 жас аралығындағы ер балаларды медициналық тексеруге дейін аурушаңдығын анықтап, әскери комиссариаттарда жас жігіттерді медициналық тексеруден өткізу үшін  тексеру жүргізеді. Ал акушер-гинекологтар жылжымалы  медицина кешенімен ауылдарды аралап, қыз балалармен әңгімелеседі және консультация береді.

Сондай-ақ артық салмағы бар балаларды анықтау, бойы мен салмағын өлшеу, дене салмағының индексін (ИМТ) есептеу жұмыстары ұдайы назарда. Мәселен, қаладағы 8 мектепте   оқитын 5736 баланың 70і  немесе 1,22% семіздікке шалдыққан.  Алда, балалар смен ата-аналарын дұрыс тамақтануға, психологиялық түзетуге және дене шынықтырумен айналысуға тәрбиелеу бойынша  зор міндет күтіп тұр.

Талас орталық аудандық ауруханасының басшылығы таяу келешекте психологиялық терапия, релаксация және аффирмация, мектеп медицинасы кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жеке дамуына арналған «Сүт бездері қатерлі ісігінің диагностикасы, сүт бездерін тексеруге үйрету», «ЭКГ түсіру және оқу», «Инсульттің алдын алу, алғашқы белгілер»,  «Жүкті әйелдерді учаскелік дәрігерлер тексеруі» сияқты шағын жобалар енгізіліп жатыр.

Қоғамдық мониторинг және тұрғындармен кері байланыс орнату механизмін (МИОМОС) енгізу шеңберінде халықпен фокус-топтар өткізілді. Қаратау қаласындағы емхана мен Есейхан ауылында денсаулық сақтау саласына қоғамдық сенім комитеті құрылды. Халық арасында «Емхана пациенттің көзімен» байқауы ұйымдастырылды.

Мұндай көтермелеуден медицина қызметкерлері де тыс қалмайды. Мысалы, Мейірбикелер күні «Үздік учаскелік медбике» байқауы өткізілді. Байқау  жеңімпаздары «Primary Health Care» ұлттық бірлестігінің марапаттарына ұсынылды.