Нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы ҚР ДСМ бас штаттан тыс психиатр-наркологы айтып берді

Нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы ҚР ДСМ бас штаттан тыс психиатр-наркологы айтып берді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс психиатр-наркологы Қуаныш Алтынбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздегі нашарқорлықтың алдын алу шаралары туралы баяндады.

«Бірінші жартыжылдықта елімізде психикаға белсенді әсері бар заттарды қолдану салдарынан психикасы бұзылғанына байланысты бақылауға алынған адамдардың саны 107 мыңнан асады. Олардың ішінде 83% -ы маскүнемдікке салынғандар, 17%-ы есірткіге тәуелділер», – деп мәлімдеді Қуаныш Алтынбеков.

Бұл ретте сарапшы ведомстволық медициналық статистика тек көмекке  жүгінгендердің санына қарай қалыптасататынын, сондықтан психикаға белсенді әсері бар заттарды қолданудың медицинадан тыс масштабы нақты қандай екенін білдірмейтінін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің ең бірінші кезектегі міндеті – көмекке мұқтаж жандарға медициналық  жәрдем беру.

Қ.Алтынбековтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда халыққа наркологиялық көмекті аудандық деңгейде 204 психикалық саулық кабинеті және қалалық емханалар деңгейінде 84 бастапқы психикалық денсаулық орталықтары  жүзеге асырады. Бастапқы орталықтарда құрамына психиатр-дәрігер, психотерапевт, психолог,  әлеуметтік жұмыскер кіретін топ жұмыс  істейді.

Медициналық-әлеуметтік көмек, оның ішінде оңалту қызметі стационар деңгейінде әр өңірдегі психикалық денсаулық орталықтарында және Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының  Павлодардағы филиалында көрсетіледі. Психикалық денсаулық орталықтарында тәулік бойы қабылдауға арналған 3700-ден аса  наркологиялық бейіндегі төсек-орын бар.

Қазақстанда соңғы бес жылда нашақорлықтың алдын алу және ескерту бойынша бірнеше эпидемиологиялық зерттеу жүргізілді.

Мысалы, Қуаныш Алтынбековтың айтуынша, 2019 жылы қыркүйекте Қазақстан Республикасында психикаға белсенді әсері бар жаңа заттарды тұтыну бойынша наркологиялық ахуалға эпидемиологиялық бағалау жүргізілді. Аталмыш зерттеу Қазақстан жастары арасында психикаға белсенді әсер ететін заттардың жаңа түрін тұтыну моделі мен таралуын анықтап берді.

«Қазіргі кезде Республикалық психикалық денсаулық  оррталығы ЖИТС, туберкулез, безгек ауруларымен күресуші Жаһандық қордың қолдауымен Қазақстанда 18-34 жас аралығындағы жастар арасында психикаға белсенді әсері бар жаңа заттардың таралауына клиникалық-эпидемологиялық зерттеуді аяқтады. Екі зерттеудің нәтижелерін салыстырғанда, өмірінде бір рет болса да  синтетикалық есірткіні тұтынғанын мойындаған жандар 6,3%-да 3,9%-ға төмендегенін,  ал соңғы 30 күн ішінде   сентетикалық есірткі тұтынып көрген жандар 2,4%-дан 0,6%-ға дейін төмендегенін байқадық», – деп мәлімдеді ҚР бас штаттан тыс психиатр-наркологы.

2024 жылы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының аясында жастар арасындағы нашақорлыққа қатысты тағы бір зерттеу жоспарланып отыр.

Жалпы, елімізде халық арасында есірткі заттарын  тұтынудың алдын алу үшін  әрбір психикалық денсаулық орталығы жанында сенім телефоны, онлайн психотерапевтік және психологиялық көмек көрсететін, білікті мамандар кеңес беретін  ақпараттық ресурс  жұмыс істейді.

Сондай-ақ еліміздегі барлық психикалық денсаулық орталықтарын біріктіретін, халыққа консультативтік, психологиялық қолдау көрсетін Психикалық денсаулық байланыс орталығын құру жоспарланып отыр.

Бұған қоса өңірлік психикалық денсаулық орталықтарындағы есірткіге тәуелді пациенттер үш сатылы медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламадан өтетін бөлімшелер кеңейтіледі.

Қазіргі таңда үш сатылы оңалту 7 өңірде: Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында бар. Жылдың соңына дейін мұндай бөлімшелер барлық өңірдегі психикалық денсаулық орталықтарында құрылады.