
Бүгін журналистер Нұр-Сұлтан қаласындағы алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарды аралады.
Баспасөз турының мақсаты -медициналық ұйымдардың жұмысын және пациенттердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қалай емделетінін түсіндіру.
МӘМС жүйесінің алғашқы айдағы алдын ала қорытындысы медициналық қызметтердің едәуір артқанын және олардың халық арасында жоғары сұранысқа ие екендігін көрсетті.
Медициналық сақтандыру қорының мәліметтері бойынша, биыл қаңтарда медициналық ұйымдар 11,1 млрд теңгеге 10,8 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетті. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда медициналық қызметтер саны шамамен 30 пайызға артқан. Әсіресе, бейінді маманның консультациялық қабылдауы – 26% және клиникалық химия (биохимия) – 21% өскен.
Компьютерлік және магнитті-резонанстық томография сияқты қымбат қызметтерді көрсету 9 237-дан 14 376-ға дейін, яғни 54 пайызға артты.
"Жыл басынан бері КТ және МРТ, медициналық-генетикалық зерттеулерді қоса алғанда, қымбат тұратын зерттеу түрлерін, қымбат зертханалық қызметтерді МӘМС пакеті шеңберінде Қормен келісім-шартқа отырған медициналық ұйымдар көрсетуде. Пациенттерге жолдаманы учаскелік дәрігер, ЖПД немесе бейінді маман береді", - деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.
Елордадағы № 2 емхананың балалар корпусында 18 жасқа дейінгі балаларға қандай медициналық қызметтер көрсетілетіні және тегін дәрі-дәрмектер туралы айтылды. №6 емхана, "Медикер Астана" жеке меншік клиникасы базасында ересек пациенттердің бағыты мен медициналық сақтандыру аясындағы сақтандырылған адамдарға қолжетімді жаңа медициналық қызметтер көрсетілді.
Ең алдымен, бұл оңалту және қалпына келтіру емі, күндізгі стационар, консультациялық-диагностикалық қызметтер.
Медициналық сақтандыру Қорының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының мәліметі бойынша, 2020 жылы 96 медициналық ұйыммен халыққа медициналық қызмет көрсету бойынша келісім-шарт жасалды, оның ішінде мемлекеттік – 33; жеке меншік – 56, республикалық-7 мекеме бар. Олардың қатарында амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар – 31, тәулік бойы стационар – 30, стационарды алмастыратын көмек – 59, консультациялық-диагностикалық көмек – 14.
Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылмен салыстырғанда консультациялық – диагностикалық қызметтерді қаржыландыру 3.8 есеге (12,5 млрд теңге), қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды қаржыландыру 4 есеге (7,8 млрд теңге) артты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдарда республикалық және жеке қызметтерді қоса алғанда, медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 17 КТ және 19 МРТ аппараты бар.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаланың барлық емханаларына диагностикалық қызметтерге мемлекеттік тапсырыс берген. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының емханалары бір әкімшілік-аумақтық бірлік шеңберінде басқа медициналық ұйымдармен консультациялық-диагностикалық қызметтерге 717 млн.теңге 48 мыңнан астам қосалқы мердігерлік шарттар жасады.



