
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы Медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Комиссия «Коронавирустық инфекция-2019-nCoV» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасын қарап, мақұлдады.
Клиникалық хаттама әлемдегі эпидемиологиялық жағдай шеңберінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жариялаған деректеріне сәйкес дайындалды.
Клиникалық хаттаманы әзірлеу кезінде алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдардың ұсыныстары қолданылды: CDC, The Lancet, International Society for Infectious Diseases, ДДҰ (WHO) және European Centre for Disease Prevention and Control.
Құжат клиникалық хаттамаларды әзірлеу/қайта қарау жөніндегі регламентке сәйкес жасалды; коронавирустық инфекция-2019-nCoV сырқаттану жағдайына стандартты анықтама берілді; диагностиканың әдістері, тәсілдері мен процедуралары сипатталды (негізгі және қосымша диагностикалық іс-шаралар тізбесі, сараланған диагностика); емдеуге жатқызу үшін айғақтар және стационарлық деңгейде емдеу тактикасы анықталды (пациентті бағыттау, дәрі-дәрмексіз және дәрі-дәрмекпен емдеу); сондай-ақ емдеу тиімділігінің индикаторлары және стационардан шығару өлшемдері анықталды.
Коронавирустар - бұл вирустардың үлкен отбасы, оған адамдарда көптеген ауруларды тудыруы мүмкін вирустар кіреді кең таралған суықтан ауыр жіті респираторлық синдромға дейін. Осы отбасынан шыққан вирустар жануарларда да бірқатар ауруларды тудырады.
2019-nCoV коронавирустық инфекцияның жаңа штаммы Қытайда табылған және алғаш рет адам ағзасында анықталды.
Бұдан бұрын ДДҰ-ның ұсынымдарының негізінде Қазақстанның тәжірибелі жетекші инфекционист мамандары коронавирустық-2019-nCoV инфекция жағдайын анықтау стандарты бойынша - әдістемелік нұсқаулықтар және медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде шұғыл іс-шаралардың алгоритмін әзірледі.
Мақұлданған клиникалық хаттама Қазақстан халқына халықаралық практика негізінде сапалы, тиімді және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
