Б.Сапарбаев азаматтардың медициналық көмектің сапасына қатысты өтініштерін уақытылы шешуді тапсырды

Б.Сапарбаев азаматтардың медициналық көмектің сапасына қатысты өтініштерін уақытылы шешуді тапсырды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына деген халықтың пікіріне қатысты селекторлық кеңес өтті. Кеңеске облыстар, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармаларының, өңірлердегі медициналық ұйымдардың, ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аймақтардағы бөлімшелерінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық  ұйымдары және оның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ҚР ДСМ Қоғамдық Кеңесінің мүшелері қатысты.

Кеңестің ашылуында вице-премьер мемлекет басшылығы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлетінін айтты.

"Үкімет денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады, оны жүзеге асыруға 3,2 триллион теңге қарастырылған. Жаңа мемлекеттік бағдарлама қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыруға бағытталған. МӘМС жүйесін енгізу үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді және 1 қаңтардан бастап ол іске қосылды. Алайда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы айтқан бірқатар мәселелер бар", - деді ол.

Мәселен, бірқатар өңірлерде ана мен бала өлімінің өсуі, аурулардың алдын алу бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі, халықтың көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмайтыны байқалады.

Ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі медициналық көмектің сапасына қатысты  азаматтардың шағымдарына кеш жауап берілетінін ескертті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Атырау, Павлодар, Маңғыстау облыстарында   шағым көп тіркелген.

Проблемалық мәселелерді шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, вице-министрлер Л. Ақтаева, К. Надыров, О. Әбішев, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл облыстары мен  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің орынбасарлары,   бірқатар медициналық мекемелердің басшылары баяндады.

Штаб мүшелерінің  өңірлерге жасаған сапарының  қорытындысы бойынша екі негізгі қауіп анықталды, олардың шешімі жергілікті атқарушы органдарға байланысты. Біріншіден, медицина қызметкерлерінің НҚА бойынша білім деңгейі  жеткіліксіз, ал бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қатысты  проблемаларға әсер етеді. Келесі мәселе, инфрақұрылымдар  кеңейтілген  медициналық көмек көрсетуге дайын болмай шықты.

Бүгінде  бейресми жұмыспен қамтылғандардың 83 пайызының мәртебесі анықталды, 452 мың адам немесе халықтың 3 пайызын актуалдандыру керек, олардың ішінде қайтыс болғандар немесе елден тыс жерге  көшіп кеткендер де  бар. Ал 286,5 мың адам МСАК ұйымдарына тіркелмеген. Әсіресе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында емханаға тіркелмегендер қатары көп. МСАК ұйымдары биыл сәуір айына дейін тіркелген азаматтардың барлық санаты бойынша, жұмыс істейтін және өзге де жеңілдік жасалған адамдарға қатысты жұмыстарды  аяқтауы қажет.

Жиналғандар бұдан кейін жалдамалы қызметкерлер үшін қорға әлі де жүйелі түрде төлем түспей отырғанын көтерді. Соңғы 12 айда төлем жасаған 5,4 млн.жалдамалы қызметкерлердің 537 мыңы  (10%) МӘМС жүйесінен тыс қалу қауіпі  бар. Олар үшін  қорға тұрақты төлем аударылмаған. Осы бағытта Алматы қаласының, Ақмола, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында  салық органдарының жұмысын күшейту керек.

Сақтандырылмаған 1,6 млн. азамат МӘМС жүйесіне заманауи әдіспен төлем жасау үшін  медициналық ұйымдарға арнайы терминалдар орнатылған. Қазір 316 медициналық ұйымда төлем терминалдары бар, оның 256 (81%) медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйым.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, МӘМС есебінен өңірлерде денсаулық сақтауды  қаржыландыру орташа есеппен 43 пайызға артты, консультациялық-диагностикалық қызметтердің көлемі 5,4 есеге, қалпына келтіру емі мен паллиативтік көмек көлемі 7,4 еседен астам өсті. Алайда, Л. Ақтаева атап өткендей, МСАК ұйымдарында жоқ  қызметтерді КДҚ көрсететін  мекемелермен бірлесіп орындалуы тиіс. Мәселен, бүгінде 2079 медициналық мекеме келісім-шарт бойынша  КДҚ көрсетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз.

"Өңірлер КДҚ көрсету бойынша келісім-шарт жасауды тездету керек. Сондай-ақ УДЗ, КТ, МРТ және бейінді мамандардың уақытылы консультация жасауын бақылауға алу қажет, өйткені кейбір өңірлерде медициналық қызметтерді күту мерзімі 15 күннен асады. 1 сәуірге дейін инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын аяқтауды сұраймыз. ДСБ басшылары жағдайды  үнемі мониторинг жасап, қажет болған жағдайда ауруханалардан орын дайындауы тиіс", - деді вице-министр.

"Реформаның ойдағыдай  іске асуы  өңірлердің  белсенділігі   мен  ведомствоаралық үйлесімді жұмысқа тікелей  байланысты болады. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың денсаулығы үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, инфрақұрылымның дайындығына және медициналық ұйымдарды кадрмен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс", - деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Сөз соңында вице-премьер Бердібек Сапарбаев Денсаулық сақтау министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға барлық қойылған проблемалық мәселелерді қысқа мерзімде шешуді, оның ішінде МӘМС енгізу, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекс жобасын түсіндіру, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, халықтың шағымдарына дер кезінде ден қою бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.