
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралардың іске асырылуы туралы хабарлады.
"Мемлекет басшысы атап өткендей, ана мен баланы қорғау мәселелері тез арада шешуді талап етеді. Осы мақсатта жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін біз Нұр-Сұлтан, Қостанай, Жезқазған, Атырау, Орал, Шымкент, Сарыағаш қалаларында және Түркістан облысының Ордабасы ауданында 8 заманауи перинаталдық орталық салуды ұсынып отырмыз", - деді А.Ғиният Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдар перзентханалардың, балалар ауруханалары мен перзентханалардың ағымдағы және күрделі жөндеуін, материалдық-техникалық жарақтандырылуын, кадрлармен толықтырылуын қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру бөлігіндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен бірлесіп жүйені енгізу нәтижелеріне талдау жүргізеді және оны іске асыру тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар енгізеді.
Бұдан басқа, дербес төлеушілердің МӘМС жүйесіне кіруі үшін 12 ай бұрын жарналарды төлеу тетігі енгізілетін болады. Бұл халықты әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді.
"Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру деңгейін жақсарту үшін ЦДИАӨМ - мен бірлесіп, цифрлық денсаулық сақтау объектілерін сүйемелдеу және ықпалдастыру жөніндегі бірыңғай оператор айқындалады, eHealth денсаулық сақтаудың жаңа экожүйесіне көшу қамтамасыз етіледі, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау объектілерін ықпалдастыру іске асырылады", - деп хабарлады А.Ғиният.
ҚР ДСМ басшысы сондай-ақ коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимылды күшейту шеңберінде және денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені ескере отырып, коронавирустық инфекцияның таралуын болжау матрицасы қайта қаралғанын хабарлады.
"Сонымен қатар, ұжымдық қорғаныс пен тұрақты эпидемиолигиялық жағдайды сақтау үшін бұрын КВИ - ге қарсы вакцинацияланғандардың кемінде 65% - ы ревакцинациямен қамтылады", - деп қосты министр.
Сонымен қатар, ҚР ДСМ басшысы "ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасын табысты іске асыру үшін ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 620 нысанын салуға, сондай-ақ 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды ұйымдастыруға қажетті материалдық шығындардың барлық есептері жүргізілетінін хабарлады.
"Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойған міндеттері толық көлемде және көрсетілген мерзімде іске асырылатын болады", - деп қорытындылады ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.