
Жамбыл облысына жұмыс сапарының бірінші күнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңір басшысы Нұржан Нұржігітовпен кездесу өткізді, оның барысында облыстың денсаулық сақтау саласын күшейтудің басым бағыттары талқыланды.
Облыс әкімі "Дені сау ұлт" ұлттық медициналық саммиті аясында 4 медициналық ұйымды - "ALTYN SHIPAGER" ұлттық жүлдесінің жеңімпаздарын марапаттау облыстың денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті. "Үздік балалар ауруханасы" номинациясында 1-ші орынды Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы; "Үздік аудандық аурухана" номинациясында 2 - ші орынды Меркі орталық аудандық ауруханасы; "Елдің үздік жедел жәрдемі" номинациясында 3-ші орынды Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы иеленді; "Еліміздің үздік босандыру ұйымы" номинациясы бойынша 2-ші орын Облыстық көпсалалы ауруханаға берілді.
Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов өз сөзінде өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі бірнеше негізгі проблемаларды атап өтті. Облыста негізгі проблемалардың бірі медициналық ғимараттардың тозуы болып табылады, ол 52,4% - ды құрайды. 10 аудандық орталық аурухананың 7-уі өткен ғасырдың 60-80-ші жылдарындағы типтік емес ғимараттарда орналасқан.
Облыста денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бар. Жергілікті атқарушы органдардың пайымдауынша, халықаралық Тараз инновациялық институты жанынан медициналық университет ашуға лицензия алу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл ретте мамандарды оқытуға гранттар жергілікті бюджет есебінен бөлінуі мүмкін.
Жергілікті атқарушы орган шарананың даму кемістіктерінің ерте диагностикасын жетілдіре отырып, балалық және босандыру қызметін дамыту жөніндегі шараларды жалғастырады.
Екінші басымдық жүрекке ашық және жабық операциялар кезінде инновациялық технологияларды енгізу жолымен кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту болып белгіленді, аудандық деңгейде травматологияны күшейту көзделеді. Жалпы, облыста жаңа жоғары технологиялық медициналық қызметтерді енгізуге баса назар аударылды.
Денсаулық сақтау министрі бұл мәселе бойынша өз пікірін білдіріп, ең алдымен денсаулық сақтаудың бастапқы деңгейінде проблемаларды шешудің басымдығын атап өтті.
"Денсаулықтың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу ең алдымен бастапқы буынның табысты жұмысына байланысты. МСАК тиімділігін көтеру және ең алдымен, ауруларды анықтау деңгейін талдау қажет", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
А.Ғинияттың айтуынша, денсаулық сақтаудың ауылдық буынын күшейту, аудандық ауруханалардың штатын ұлғайту, КАА орталықтарын ашу, өңірлендіру деңгейін көтеру, сол арқылы медицинаны адамға қай жерде өмір сүрсе де жақындату қажет.
Өңірлік денсаулық сақтау саласының перспективаларын талқылауды қорытындылай келе, министр "Денсаулық сақтау министрлігі айтылған проблемаларды шешуде әдіснамалық тұрғыдан көмектесуге, қолдауға дайын, алайда өңір халқына сапалы медициналық көмек көрсетудің негізгі мәселелері кадрлық, ұйымдастырушылық мәселелерді қоса алғанда, саланың білікті мықты басқарушыларын тарта отырып, жергілікті жерлерде шешілуі тиіс" екенін атап өтті.