Шалғай ауылдарда тұратын 67 мыңнан астам адам білікті бейінді мамандардың тексеруінен тегін өтті

Шалғай ауылдарда тұратын 67 мыңнан астам адам білікті бейінді мамандардың тексеруінен тегін өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен 2019 жылғы "Медициналық пойыздар" жобасының үздік дәрігерлерін марапаттау рәсімі өтті.

          Жоба Денсаулық сақтау министрлігінің және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ  компаниялары атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының  қолдауымен жүзеге асты.

         Бұл жобаның мақсаты - шалғай аудандардағы  тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету.

         Мәселен, 2019 жылы еліміз бойынша «Денсаулық» және «Жәрдем» атты екі медициналық пойыз  жолға шықты. Қос пойыз барлық облыстарды аралап, 273 станцияға тоқтады.  

        Салтанатты кеште  сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ұйымдастырушыларға халықтық медициналық көмекті дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарына медициналық көмек көрсетуге арналған бұл  жобаға қатысқан әрбір  медицина қызметкерінің үлесін ерекше атап өтті.

       "Медициналық пойыз заманауи диагностикалық жабдықтармен: зертханамен, рентгенмен, флюорографиямен, ЭКГ, УДЗ, ФГДС, УДДГ бар. Шалғай аймақтардың ауыл тұрғындары заманауи медициналық жабдықтардың кең спектрін қолдана отырып, білікті мамандардың мультитәртіптік командасынан тегін тексеруден өтті", - деді министр.

       Айта кету керек, медициналық пойыз ішіндегі  мамандар  67 мың 540 тұрғында тексерді, оның 11 мың 256-сы  бала. Сондай-ақ 41 мың 941 диагностикалық емшара, 4 мың 119 шағын хирургиялық операция жасалды, 10 мың 667 әйел маммологиялық тексеруден өтті, 19 мың 068 тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді.

         Үздік дәрігерлер алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

 

Анықтама: Медициналық пойыздар заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықталған. Емделушілерге  жалпы және биохимиялық анализдер, рентгенография және флюорография, ішкі ағзалар мен тамырларды УДЗ-зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік бар.