ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өңірлердегі медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесі аясындағы жұмысын тексерді

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өңірлердегі медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесі аясындағы жұмысын тексерді

        ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мониторинг тобының басшылығымен Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын аралады.

         Вице-министр Маңғыстау облысының бірқатар медициналық мекемелеріне барып, қызмет көрсету сапасын, оның ішінде МӘМС қорына  жарна төлеу үшін қойылған арнайы терминалдар мен қызмет көрсету сапасын тексерді. Сонымен қатар, пациенттермен кездесіп, оларға қатысты  өзекті мәселелерді түсіндірді.

       Сапар барысында вице-министр Сахалин орталық аудандық емханасына, Ақтау қалалық № 1 емханасына, «Нейрон» клиникасына және «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығына барды.

        «Биыл 1 қаңтардағы  жағдай бойынша емханаға 102 124 адам тіркелген. Сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында емханада 4 санатты шақыруларға қызмет көрсету үшін жедел жәрдем жұмыс істейді, 61 учаскеге жалпы практика дәрігерлері, терапевтер және педиатрлар қызмет көрсетеді. Медициналық қызметтерді сапалы көрсету үшін, сондай-ақ МӘМС енгізу мақсатында емхананың медицина қызметкерлері оқудан өтті», - деді № 1 емхананың бас дәрігері Елдеш Қосмағамбетов.

         Жақында емханада стоматологиялық және отбасылық қолжетімділік қағидаты бойынша медициналық қызмет көрсетуді дамыту жоспарлануда.

      Вице-министр «Нейрон» клиникасындағы халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін техникалармен және кадрлармен танысты. Мекеме директоры Нина Самоликованың айтуынша, бүгінде тіркелген  халық саны 19 мыңнан асады. Емхана денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктірілген, толық цифрлық жүйеге  көшкен.

        Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, МӘМС шеңберінде өңірдегі халықты медициналық қызметтермен қамту 95%  құрайды, облыс халқының 5%  «шартты түрде сақтандырылмаған» деп есептеледі, олар бойынша мәртебесін  өзектендіру  жұмысы жалғасуда.

          Әлеуетті жеткізушілердің мәліметтер базасында облыс бойынша 80 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Маңғыстау облысының «МӘМС» КЕАҚ филиалы ТМККК шеңберінде 2020 жылға 51 өнім берушімен шарт жасады, оның ішінде мемлекеттік - 26 (51%), жеке - 25 (49%).

       Денсаулық сақтау вице-министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша құрылған  өңірлік штабтың  дайындық жұмыстарына арналған жиынға  қатысты. Штаб отырысына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев пен өңірдегі  медициналық мекемелердің  басшылары қатысты.

         Олжас Амангелдіұлы  медициналық ұйымдардың МӘМС бойынша жұмысына мониторингті  Атырау облысында жалғастырды. Денсаулық сақтау вице-министрі осы мақсатта Атырау облысының медициналық ұйымдарының жұмысымен танысты.

        360  жуық қызметкер жұмыс істейтін №3 қалалық емхана бүгінде медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек көрсетуге толық дайын. Бүгінде емханада 43 мыңнан астам адам тіркелген.

«Елдегі барлық ауруханалар мен емханалар цифрландыруға көшті. Бұл шаралар медициналық сақтандыруды енгізу қарсаңында жасалды. МӘМС шеңберінде әрбір адам жарналарды төлей отырып, медициналық қызметтердің кеңейтілген пакетін ала алады. Азаматтардың 15 жеңілдікті санаттары үшін – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі адамдар, балалар, жүкті әйелдер және тағы да басқаларға  мемлекет төлейтін болады, сондықтан оларға медициналық сақтандыру шеңберінде қызметтер көрсетіледі.  Ең маңыздысы, пациент тіркелген емханаға жүгіну керек», – деді Олжас Әбішев.

   «2017 жылы біз электрондық кезекті пилоттық режимде іске қостық. Ақпараттық жүйелерге көшу арқылы қағаз айналымынан бас тарттық. Қазір  №3 қалалық емхана толығымен цифрландырылды. Барлық медициналық жабдықтар цифрлық жүйе арқылы жұмыс істейді», - деді № 3 қалалық емхананың директоры Айман Өтегенова.

       Сонымен қатар, Денсаулық сақтау вице-министрі №2 облыстық аурухананың жұмысымен танысты. Заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған №2 Облыстық аурухана цифрландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді.

        Денсаулық сақтау вице-министрі екі күндік жұмыс сапары барысында №2 облыстық ауруханаға, Атырау облыстық перинаталдық орталығына, Индер аудандық ауруханасына барды.

          Олжас Әбішев Батыс Қазақстан облысына сапары аясында  №4 қалалық емханада болды.  Клиникадағы тіркеу орнының, емдеуге жатқызу бюросы порталының, пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметінің жұмысымен танысты. Талқылау барысында МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеу үшін төлем терминалдарының жұмысын тексерді.

          Вице-министрдің қатысуымен МӘМС жүйесінде жұмысқа дайындықты қамтамасыз ету үшін жедел өзара іс-қимыл жөніндегі өңірлік штаб өтті.