
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Вячеслав Дудник Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур Ван Дизенмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы ағымдағы және ықтимал бірлескен жобалар талқыланды.
ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау денсаулық сақтаудың, мемлекет пен қоғамның өзекті және маңызды проблемаларының біріне жататынын атап өтті.
В.Дудник балалар арасында аурулардың алдын алудың тиімділігін арттыру, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жүйесін жаңғырту және ана мен баланы қорғау бойынша елімізде қабылданып жатқан жүйелі шараларды атап өтті.
"Баланың өміріне, денсаулығына, дамуына қауіп төндіретін медициналық немесе әлеуметтік сипаттағы қауіптерді анықтау және азайту мақсатында ЮНИСЕФ ұсынған үлгі негізінде жүкті әйелдерді, жаңа туған нәрестелерді және ерте жастағы балаларды үйде патронаждық бақылауды ұйымдастыруда әмбебап-прогрессивтік тәсілді енгізу маңызды мәнге ие", - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.
В.Дудниктің айтуынша, халықтың мінез-құлық қауіп факторлары, салауатты өмір салты мен дұрыс күтім принциптері, азаматтардың ортақ жауапкершілігі туралы хабардар болуының төмен деңгейі балалардың денсаулығын жақсартуға кедергі болып отыр.
"Біз Қазақстан балаларының игілігі үшін жемісті өзара іс - қимыл жасау мақсатында күш-жігерімізді біріктіруді күтеміз", - деп түйіндеді В.Дудник.