А. Ғиният Оралдағы Облыстық перинаталдық орталыққа барды

А. Ғиният Оралдағы Облыстық перинаталдық орталыққа барды

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында аймақтандыру деңгейіне сәйкес акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық көмектің толық спектрі көрсетілетін 145 төсектік Облыстық перинаталдық орталыққа барды.

Бұл орталықта асқынған ағымы бар жүкті әйелдерді білікті басқару, жоғары қауіпті топтарды анықтау жүргізіледі, жаңа туған нәрестелерге қарқынды реанимациялық көмекті, шала туған балаларды күтуді қоса алғанда, көмектің барлық спектрі көрсетіледі. 

Орталықта 395 қызметкер, оның ішінде 53 жоғары медициналық персонал, 196 орта медициналық персонал жұмыс істейді.

Министр перзентханаға баруды перзентхананың қабылдау бөлімінен бастады, онда ол босанатын әйелдермен сөйлесіп, олардың денсаулық жағдайына, босануға дайындығына және емханалардағы акушерлік қызметтің бақылау сапасына қызығушылық танытты.

"Біз үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі ана мен баланы қорғау болып қала береді. Мемлекет басшысы жариялаған бала жылында Денсаулық сақтау министрлігі құрсақішілік кезеңнен бастап балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше бастаманы жүзеге асыруда.  Қабылданып жатқан шаралар жүкті әйелдерді босануға дейінгі сапалы бақылаумен қамтуды 80% - ға дейін арттыруға ықпал ететін болады", - деп атап өтті А.Ғиният.

Ол скринингтердің тиімділігін арттыру үшін пренаталдық скрининг жүргізу қағидалары бекітілгенін, пренаталдық УДЗ скрининг жүргізу стандарты әзірленгенін, УДЗ диагностикасының халықаралық стандарты бойынша 150 маман оқытылғанын, сондай-ақ сараптамалық кластағы 50-ден астам УДЗ аппаратын сатып алу жоспарланғанын айтты. 

Министр жергілікті атқарушы органдардың басшылығына кадр әлеуетін нығайту, мамандарды тарту үшін жағдай жасау және олардың қолайлы жұмыс істеуі мәселелеріне назар аударды.

А.Ғиният медициналық көмекті ұйымдастырудың әлсіз деңгейіне, персоналды үздік клиникалар базасында оқыту қажеттілігіне назар аудара отырып, бірқатар сын-ескертпелер айтты.

"Облыстық перинаталдық орталық босандыру саласында үлгі болуы тиіс, онда барлық үдерістер нақты жолға қойылып, ана мен бала денсаулығын қорғаудың басымдылығын ескере отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету стандарттары мүлтіксіз сақталуы қажет. Бірақ, шынымды айтсам, мен мұнда мұндай тәртіпті көріп тұрған жоқпын, біз жағдайды түзетуге қолдау көрсетуге дайынбыз, сіздердің тараптарыңыздан да шұғыл шаралар қабылдану қажет", - деп атап өтті министр перзентхана басшылығына.

Бұдан әрі министр жаңа туған нәрестелерді күту жағдайымен танысып, қарқынды терапия бөлімшесін қарап шықты, биыл онда 500-ден 900 граммға дейін өте төмен дене салмағымен 20 сәби, сондай-ақ салмағы 1500 граммға дейін 32 бала дүниеге келді.

2020 жылы - 7407 бала, оның 565-і мерзімінен бұрын (7,6%), 2021 жылы - 6976 бала, оның 536-ы мерзімінен бұрын ( 7,7 %), осы жылдың 4 айында - 1894 бала, оның 170-і мерзімінен бұрын (9%) туылды.

Орта есеппен күн сайын перинаталдық орталықтың қабырғаларында 16 бала дүниеге келеді. Осы жылдың 4 айында мұнда 1894 сәби дүниеге келді.  

Батыс Қазақстан облысында барлығы 17 босандыру ұйымдары бар. 2021 жылы өңірде бала туу саны 14 000-ды құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 4,5% - ға артық.