ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде бірқатар басым міндеттерді белгіледі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде бірқатар басым міндеттерді белгіледі

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықовпен бірге ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталінде әскери медициналық емдеу мекемелерінің инфрақұрылымы, медициналық көмек көрсету, әскери медициналық кадрларды даярлау бойынша бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

"Біздің бүгінгі кездесуіміз, әсіресе қаңтар айындағы қайғылы оқиғалар аясында, азаматтық медицина алғаш рет атыс және жарылыс салдарынан зардап шеккендерге жаппай медициналық көмек көрсетуге тап болған кезде өзекті", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп шешуді талап ететін бірқатар басым мәселелерді анықтады, деп жалғастырды А.Ғиният.

Оның айтуынша, хирург, травматолог, анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерді, сондай-ақ санитариялық авиация және жедел медициналық көмек дәрігерлерін әскери дәрігерлерге арналған оқыту бағдарламалары бойынша қосымша оқыту мәселесін пысықтау қажет.

Екіншіден, орталық және өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимыл алгоритмдерін қайта қарау қажет.

"Үшіншіден, ағымдағы жылдың 2 жартыжылдығында түрлі дала жағдайларында медициналық көмек көрсету мәселелерін пысықтау бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өткізуді ұсынамын. Аталған мәселелерді пысықтау үшін сіздердің базаларыңызда іс - шаралар жоспарын бекіте отырып, біздің ведомстволардың мамандарынан жұмыс тобын құруды ұсынамын", - деді Қорғаныс министрлігінің басшысына А.Ғиният.

Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларының медициналық жоғары оқу орындарының базасында әскери-медициналық факультетті құруға келетін болсақ, бұл мәселе егжей-тегжейлі қарауды талап ететіні атап өтілді.  

Бұл ретте бүгінгі таңда денсаулық сақтау запастағы офицерлерді жоғары білімді даярлауды 6 медициналық ЖОО-ның (С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Семей медицина университеті, М. Оспанова атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Астана Медицина Университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы) әскери кафедралары жүзеге асырады.

Жыл сайын республикалық бюджеттен медициналық жоғары оқу орындары үшін 600 орын бөлінеді, олардың базасында запастағы офицерлерді даярлау жүзеге асырылады. Медициналық білім беру ұйымдарының әскери кафедраларында білім алушылар саны 1133 адамды құрайды.

Денсаулық сақтау министрі өз сөзінде МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті әскери-емдеу мекемелері арқылы қаржыландыру мәселесіне тоқталды.

А. Ғинияттың айтуынша, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде әскери қызметшілер мен зейнеткерлердің отбасы мүшелеріне консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге 2022 жылға арналған шығыстар жалпы сомасы 105,4 млн. теңге Қорғаныс министрлігінің ведомстволық ұйымдарының өтінімдеріне сүйене отырып, өңірлердегі халықтың сақтандырылуын ескере отырып есептелген, оның ішінде ТМККК шеңберінде 21, 4 млн. теңге, МӘМС жүйесінде 84 млн. теңге.

Өз кезегінде Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелеріне, оның ішінде әскери-медициналық мекемелердің инфрақұрылымын жетілдіруге, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, емдеу қызметінде тәжірибе алмасуға, сондай-ақ әскери медиктердің азаматтық Денсаулық сақтау жүйесіне қатысуына назар аударды.

"Қарулы Күштерді стационарлық көмек көрсетуге рұқсаты бар медицина мамандарымен жасақтауды шешу үшін жыл сайын резидентурада медицина қызметінің жұмыс істеп тұрған офицерлері қатарынан дәрігерлерді оқыту қажет", – деп ұсынды генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Кеңес барысында сондай-ақ инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елдерде қызмет атқаратын бітімгершілік контингентінің әскери қызметшілеріне вакцинация жүргізу мәселелері қозғалды.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте Қазақстанда тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, егер олар медициналық қолдану және сатып алу мүмкіндігі бар сирек кездесетін және (немесе) аса ауыр патологиясы бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсетуге арналған болса, уәкілетті орган берген қорытынды негізінде әкелуге жол беріледі", - деп түсіндірді А. Ғиният.

Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы шектеулі контингенттер, яғни Қарулы Күштердің бітімгершілік контингенттері үшін бір реттік әкелу мәселесін шеше отырып, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша көрсетілген инфекцияларға қарсы вакцинациялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі ғимаратындағы кеңес жұмысына Мемлекеттік күзет қызметінің, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери-медициналық бөлімшелерінің басшылары, медициналық білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ведомствоаралық кеңестің қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстарды іске асыру үшін бірлескен жұмыс жоспары белгіленді.