
Түркістандағы медициналық туризмді дамытудың халықаралық жобасы жасалады. Бұған Дүниежүзілік туристік ұйымның өзі қызығушылық танытып отыр.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) Бас хатшысы Зураб Пололикашвили мырзамен кездесті.
Сондай-ақ, тараптар жалпы медициналық туризмді бірге дамыту; ҚР ДСМ негізгі медициналық ұйымдардың басшылары үшін медициналық туризмді дамыту бойынша онлайн курсын дайындау; ЕҚДБ-ның қатысуымен Түркістан облысында медициналық туризмді дамыту жөніндегі бірлескен жобаның мүмкіндіктерін қарастыру туралы меморандумға қол қоюға және жұмыс тобын құруға уағдаласты.
Елжан Амантайұлы медициналық туризмнің қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласында 2008 жылы Елбасының бастамасымен "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ құрылды. Оған бес инновациялық Денсаулық сақтау нысаны кірді – кардиохирургия, нейрохирургия, ана мен бала, балаларды оңалту ұлттық орталықтары және республикалық диагностикалық орталық, олардың әрқайсысының JCI (Joint Commission International) халықаралық аккредитациясы бар. Қазақстанда JCI аккредитациясына 7 медициналық ұйым ие.
Зураб Пололикашвили мырза денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен алғаш рет жоғары деңгейде кездескенін жеткізді және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның орналасқан жері, инфрақұрылымы, білікті қызметкерлер мен қолжетімді бағалар арқылы медициналық туризмді дамытуға мүмкіндігі мол екенін атап өтті.
Жүздесуге Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Жигалов Константин және UNWTO туристік нарығының аналитика және бәсекеге қабілеттілік бөлімінің басшысы Сандра Карвао да қатысқан болатын.
UNWTO туристік нарығының аналитика және бәсекеге қабілеттілік бөлімінің басшысы Сандра Карвао тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеуге техникалық қолдау көрсетуге, Испанияда (Spain Care) және басқа да елдерде медициналық туризмді дамыту бойынша тәжірибені зерделеу үшін workshop ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін айтты.
