
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде министр Елжан Біртанов ведомство өкілдерінің, құрылымдық бөлімшелер мен Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының қатысуымен селекторлық кеңес өткізді. Алматы облысының Талғар аудандық орталық ауруханасы туралы әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз ақпараттар және көптеген шағымдар мен тұрғындардан келіп түскен өтініштер жиынның негізгі тақырыбы болды.
ТКҚҚБК Алматы облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, аталған медициналық мекемені 25-28 маусым аралығында тексерген, нәтижесінде қауіпсіздік тәртібі мен санитарлық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталды. Осыған байланысты аурухананың бас дәрігеріне айыппұл салынып, ол жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, медициналық қызмет стандарттарын және дезинфекциялық режимді сақтамағаны үшін 7 медицина қызметкеріне айыппұл салынды.
Талғар ауруханасын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесіне министр ерекше назар аударды.
«Аурухана неге мұндай жағдайға тап болды? Санитарлық нормалар мен ережеде медициналық мекеме ыстық сумен қамтамасыз етілуі тиіс деп жазылған. Бұл мәселе 2011 жылдан бері шешілмеген, сонда сіз мұны 8 жыл бойы білмедіңіз бе? Осындай олқылықтың салдарынан ерте ме, кеш пе инфекция өршиді», - деді Е. Біртанов Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысына.
Ведомство басшысының пікірінше, егер жергілікті билік медициналық ұйымды қажетті коммуналдық қызметтермен, жабдықтармен қамтамасыз ете алмаса, онда аурухананы жабуы керек.
Сондай-ақ, Е. Біртанов бұл өңірде ана мен бала өлімінің көрсеткіші жоғары екенін, ол республикалық деңгейден де асып түскенін айтты. Сондықтан министр бұл мәселені Үкімет отырысында ортаға салатынын және басқарманың бірінші басшылары жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Кеңесте денсаулық сақтау басқармасында "А" гепатитіне қарсы вакциналардың жетіспейтіні де сөз болды . "СКФармация" басшысы Берік Шәріп өңір өтінішті уақтылы тапсырмағанын, ал басқа облыстарда мұндай жағдай байқалмағанын жеткізді.
Жалпы, медициналық ұйымдарға көптеген шағымдар келіп түседі, алайда жергілікті билік өтініштерге уақытында жауап бермейді.
Сонымен қатар, жабдықтармен, ЖМК, кадрлық қамтамасыз ету және т. б. жарақтандыруға қатысты сұрақтар қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша министр осы кемшіліктерді жою үшін тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. М. Бекшинге Талғар аудандық ауруханасын ыстық сумен жабдықтауға және санитарлық – эпидемиологиялық режимнің бұзылуына қатысты тексеру материалдарын Алматы облысының прокуратурасына беруді тапсырды. Ғылым және адами ресурстар департаменті басшысының орынбасары А.С. Құсайыноваға Талғар ОАА-дағы кадр тапшылығы туралы ақпарат дайындауды және ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. М. Бекшинге Алматы облысының әкімі А. Баталовтың атына Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Н. Құлсейітовтің өз лауазымына сәйкестігі туралы хат дайындауды тапсырды. МӘМС қорының басшысы Айбатыр Жұмағұлов жұқпалы ауруларды емдейтін медициналық ұйымдарды аудандық деңгейде қаржыландыру тәртібін толық қайта қарауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармасының басшысына Шелек аудадық ауруханасы жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға берілгені жайлы БАҚ-та жариялау тапсырылды.
Қорытындылай келе, министр өңірде инфрақұрылымның қалыптасқанын, ресурстар жеткілікті екенін атап өтті, осыған байланысты ол жұмысқа жауапкершілікпен қарауға және облыс тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету бойынша жұмысты жандандыруға шақырды.

