
Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен және ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың қатысуымен өткен өңірлік штаб отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтар талқыланды.
МӘМС толық іске қосылуына екі ай қалды, осы уақыт аралығында қала тұрғындарын толық қамту, барлық медициналық мекемелердің ақпараттық жүйелерін біріктіру, алматылықтардың мәртебесін анықтау мәселелерін шешу қажет.
"Қаланың әрбір тұрғыны МӘМС жайлы хабардар болуы тиіс. Сондай-ақ, ешкім медициналық көмектен тыс қалмауы үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар, жұмыссыз адамдардың мәслесімен айналысу қажет. Қалған уақытта медқызметкер және емханалармен жұмысты күшейту керек", - деді Бақытжан Сағынтаев.
2020 жылы міндетті сақтандыру енгізілгеннен кейін Алматыда медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі 1,5 есе артады. Бұл Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.
«Атап айтқанда, қалпына келтіруге бағытталған ем-дом мен паллиативтік көмекке жұмсалатын қаржы көлемі 7,5 есе, консультативтік-диагностикалық көмек – 6,7 есе, стационарды алмастыратын көмекке жұмсалатын қаржы – 2,3 есе артады», – деді Е. Біртанов.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Алматы тұрғындарының 95,7% сақтандыру жүйесімен қамтылған (халықтың кем дегенде 80% қамтылуы тиіс). Қалған тұрғындар өз бетінше жарна төлеп медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алады.
Қаланың МӘМС жүйесін енгізуге техникалық дайындығы жоғары деңгейде деуге болады: Алматыдағы барлық медицина ұйым компьютермен жабдықталған, мемлекеттік емдеу мекемелері толығымен қажетті ақпараттық жүйелерге қосылған. Бүгінде жеке меншік клиникаларда ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі 66% құрап отыр және алдағы уақытта бұл көрсеткіш едәуір артады деген болжам бар.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық бағытында ауқымды жұмыс атқарылған. Нормативтік-құқықтық база жасалып, үш деңгейлі медициналық көмек жүйесі бекітілді, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қажетті ақпараттық жүйелер іске қосылды.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды тиімді енгізу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Бәсекелестікті дамыту және жеке секторды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге тарту арқылы халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалуда", - деді Е. Бабақұмаров.
Бүгінгі таңда Алматыда медициналық қызмет көрсетуге ниетті денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 257 медициналық мекеме бар. Оның ішінде 78 мемлекеттік, 179 жеке меншік. 178 медициналық ұйыммен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) көрсетуге шарттар жасалды. Барлығына медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Желтоқсан айына дейін бірыңғай төлем жүйесімен интеграция аяқталуы тиіс.
Жалпы, денсаулық сақтау министрінің айтуынша, биыл жыл соңына дейін барлық медициналық ақпараттық жүйе қызметтерді бөлек есепке алуға және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан сақтандыру мәртебесі бойынша ақпарат алуға дайын болуы тиіс. Ақпараттық жүйелердің әзірлігі МӘМС жүйесін енгізу үшін өте маңызды.
Кездесуде алматылықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі де сөз болды. Сауалнамаға сәйкес, соңғы кезде оңтүстік астанада сақтандыру жүйесі жайлы естіген тұрғындар саны 60% дейін артқан.


