
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Астана медицина университетінің ұйымдастыруымен 2019 жылғы 1 қарашада Астана медицина университетінің базасында «Медициналық білім беру – мемлекеттік тіл аясында» тақырыбында республикалық терминологиялық конференция өтті.
Республикалық терминологиялық конференцияға ҚР ДСМ жанындағы салалық терминологиялық комиссияның мүшелері, қоғам қайраткерлері, лингвист-ғалымдар, медициналық ЖОО-лардың оқытушы-профессорлар құрамы, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының мамандары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, «Руханият» КММ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері мен тіл мамандары қатысты.
Конференция «Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шараларын іске асыру мақсатында өткізілді.
Терминологиялық конференция шеңберінде медициналық білім беру саласында мемлекеттік тілдің қолданылу мәселесі, салалық терминдерді қалыптастырудың өзекті мәселелері, медициналық терминдердің аударма әдістері, медициналық жоғары оқу орындарының және денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық терминдер мәселелері бойынша өзара іс-қимылын жолға қою мәселелері қарастырылды. Университеттің профессорлық-оқытушы құрамының ішінен медициналық оқу құралдарының қазақ тілінде сапалы жазылуына үлес қосқаны үшін 10 профессор-оқытушы алғысхатпен марапатталды.



