ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: МӘМС пакеті Қазақстан халқының 90 пайызын қамтиды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: МӘМС пакеті Қазақстан халқының 90 пайызын қамтиды

7 қарашада БҰҰ  Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап кезеңдік шолу аясында өткен отырысында  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова Денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы мен жоспарлары туралы баяндады.

Ботагөз Жақселекова 2019 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Жаппай денсаулық сақтау қызметтерімен қамту жөніндегі саяси декларацияны негізге алып,  медициналық-санитарлық алғашқы көмекке бөлінетін қаржыны арттыру қажеттігін айтты және Алматы мен Астана Декларациясын сөз етті.

"МСАК әлемдік  деңгейде қолдайтын  ел ретінде, біз 2025 жылға қарай  денсаулық сақтау саласына бағытталған  барлық шығынның 60%  МСАК пен халықтың қоғамдық денсаулығына бағыттау туралы саяси шешім қабылдадық", - деді Ботагөз Жақселекова.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы бүгінгі таңда ТМККК шеңберінде көрсетілетін қызметтердің көлемі туралы айтып берді. Мәселен, мемлекеттік тапсырыспен МСАК, мамандандырылған амбулаториялық көмек деңгейінде және ауруханаларда әйелдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығын қолдау бойынша қызметтер көрсетіледі.

"Қазақстан халқы және елімізде тұрақты тұратын мигранттарға, босқындар мен азаматтығы жоқ адамдаға  вакцинация, МСАК қызметтерінің барлық спектрі қолжетімді. Жедел жәрдем қызметін, жіті жағдайлар мен науқастарды ауруханада емдеу, 400 астам тегін амбулаториялық дәрі-дәрмек, туберкулез, обыр, АИТВ-инфекциясы сынды 25 әлеуметтік маңызды  ауруларды емдеу медициналық қызметтердің базалық пакетіне кіреді", - деді ол.

Ботагөз Жақселекова Қазақстан қаржыландырудың жаңа моделі –міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшетінін атап өтті. Халықтың  кемінде 90 пайызы  МӘМС пакетімен қамтылады. 18 миллион халықтың 11 миллионына (әлеуметтік санатқа кіретін) сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді.

Бұдан басқа, 2025 жылға қарай денсаулық сақтауға арналған мемлекеттік шығыстарды  3,2 пайыздан ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстанда  кейбір медициналық қызметті қазіргідей 18 жастан емес,  16 жастан бастап  ата-ананың  келісімінсіз өз бетінше алуға рұқсат ету туралы заңнамалық бастама көтерілді. Бірақ, бұл өзгерістің   жасанды түсік жасатуға қатысы жоқ.

Жауапты хатшы АИТВ-ны толық мемлекет жабатынын, ал антиретровирустық терапияға науқастардың 74%  мұқтаж екенін атап өтті.

Ботагөз Жақселекова 2030 жылға қарай Қазақстанда туберкулезді жою бойынша кешенді жоспар қабылданғанын  хабарлады. Ұлттық ғылыми орталықтың басшылығымен туберкулезге қарсы мамандандырылған қызмет жұмыс істейді, жедел диагностика (2 сағат ішінде), аурудың алдын алу және емдеу, оның ішінде жаңа препараттарды қолдану бойынша жаңа технологиялар енгізілуде.

Жауапты хатшы сөзін қорытындылай келе, соңғы 10 жылда сырқат көрсеткіші 2,2 есеге, өлім-жітім көрсеткіші 5,4 есеге төмендегенін атап өтті.