
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағанды облысында іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) пилоттық жобасы жайлы баяндады.
2019 жылдың 1 қыркүйегінде басталған пилоттың мақсаты – медициналық қызметті алушылардың «сақтандырылу» статусын сәйкестендіру, тегін медициналық көмектің көлеміндегі және медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметтерді жеке-жеке есепке алу, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін толығымен енгізу мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізу.
Пилоттық жобаға деп бюджеттен қосымша 2,3 млрд. теңге бөлінді.
«Пилоттың оперативтік деректері бойынша, екі айдың ішінде(қыркүйек-қазан айларында) өңірде қымбат тұратын компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография қызметтері екі есеге артты», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, жыл басында ай сайын орташа алғанда 1 265 қымбат диагностикалық қызмет көрсетілсе, қазанда МӘМС арқасында 3 443 қызмет көрсетілді. Пилотқа дейін ай сайын орта есеппен 690 адамға оңалту көмегі көрсетілсе, қыркүйек-қазан айларында 949 және 981 пациент көмек алды.
Пилот шеңберінде негізгі 5 бағыт бойынша жобалық топ құрылды: НҚА әзірлеу, цифрландыру, медициналық қызметтерді сатып алу және төлеу, төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақпараттық – түсіндіру жұмыстары.
Елжан Біртанов жақын арада шешілетін міндеттерді де айтты. Олардың қатарында - азаматтардың мәртебесін анықтау және бейресми жұмыспен қамтылған қазақстандықтарды жүйеге тарту.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 2,1 млн. астам адамның мәртебесі белгілі. Олардың ішінде қайтыс болғандар немесе шет елдерге кеткендер бар, әлі 600 мыңға жуық (немесе жалпы санының 3,2%) азаматтың мәртебесін анықтау керек. Осы жұмысты Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі және жергілікті атқарушы органдар жыл соңына дейін аяқтау қажет.
«Қазіргі уақытта республика бойынша халықтың 88,1% пайызы сақтандырылған, оның ішінде 10,0 млн. адам жеңілдікті санатқа жатады, 5,4 млн. жалдамалы қызметкер, 700 мың жеке кәсіпкер, 200 мың бірыңғай жиынтық төлем төлеуші, қалған азаматтар дербес төлеуші ретінде жүйеге қатыса алады»,- деді Елжан Біртанов.
Денсаулық сақтау министрі жеңілдік жасалған 3 санат бойынша – Білім, Әділет және Еңбек министрліктерінің ақпараттық жүйелері арасындағы интеграцияны 1 желтоқсанға дейін аяқтау қажет (балалар – 5,9 млн.адам, студенттер – 340 мың адам, 3 жасқа дейінгі баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған адамдар-216 адам мәліметтер толық берілмейді) екенін ескерді. Жеңілдік жасалған санаттар бойынша ақпарат 6 орталық мемлекеттік органның деректерінің негізінде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесінде жиналады.
2020 жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті мемлекет бойынша шамамен 1,5 трлн. теңгені құрайды, оның ішінде 500 млрд. теңгеден астамы медициналық сақтандыру жүйесі есебінен болады. Жалпы ҚР бойынша қаржыландырудың жалпы көлемі 2019 жылғы деңгейден 1,5 есеге ұлғаяды. Халықтың қажеттілігінің негізінде оңалтуды қоса алғанда медициналық көмектің басым түрлерін қаржыландыру келесі жылы 7 есеге және 2025 жылға қарай 11 есеге дейін өседі.
МӘМС енгізу медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және медициналық ұйымдардың техникалық жарақтандыру мәселелерін шешуге және халықтың «қалта» шығындарын 2025 жылға қарай шамамен 2 есеге төмендетуге мүмкіндік береді, - деді министр.
Мемлекет бұрынғыша халыққа медициналық-санитарлық алғашқы көмек (профилактикалық егу және медициналық тексерулер, патронаж, жүктілікті жүргізу және т.б.) деңгейінде, жедел және шұғыл медициналық көмекке кепілдік береді. МӘМС пакетінде сақтандырылған халық ТМККК-ден тыс қосымша медициналық көмек ала алады. МӘМС енгізілгеннен кейін 1 сақтандырылған адамға арналған шығындар 57% - ға артып, жан басына шаққанда 87,3 мың теңгені құрайды.
Бүгінде МӘМС жүйесіне төлем "Қазпочта" АҚ, екінші деңгейдегі 25 банк арқылы жүзеге асырылады, оның ішінде интернет банкинг порталдары, Халық банкінің филиалдары және "Қазпочта"АҚ арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады.
Сақтандырылмаған азаматтарға МӘМС жүйесінің қатысуға мүмкіндік беру мақсатында 2019 жылдың 15 желтоқсанына дейін төлемдерді қабылдаудың қосымша арналары, интернет банкингтің 2 порталы жұмыс істейді, сондай-ақ барлық медициналық ұйымдарда төлем терминалдары орнатылатын болады.
Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрі әкімдіктер аудандық деңгейден жоғары амбулаториялық және стационарлық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда төлем терминалдарын орналастыру қажет деді.
Қарағанды облысында жүргізіліп жатқан пилоттың индикаторлары бойынша нормативтік-құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізілді. Медициналық қызметтерді сатып алу бойынша-медициналық сақтандыру қоры осы бағыттағы жұмысты аяқтайды. 1-31 желтоқсан аралығында Қор ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша Медициналық қызметтерге келісім-шарттарды іріктеу және жасау рәсімін өткізеді. Сондай-ақ, төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
"Жалпы, Қарағанды облысында пилоттық жоба жоғары деңгейде өткізілді. Республикада МӘМС енгізуге дайындық жұмыстары жалғасуда", - деді Денсаулық сақтау министрі.