
3 желтоқсанда таңертең Құмкөл-Қызылорда бағыты бойынша келе жатқан жолаушылар автобусы Қызылорда қаласынан 70 шақырым жерде көктайғақ салдарынан жол апатына ұшырады. Көліктің ішінде 36 адам болған.
Оқиға орнына құрамында реаниматолог және травматологы бар 7 жедел медициналық көмек және санитарлық авиация бригадалары дереу жетті. Зардап шеккен азаматтарға шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Жол-көлік апаты салдарынан 8 адам қайтыс болды: 7 адам оқиға орнында, ал қатты жарақат алған 1 адам жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.
Зардап шеккен 21 жолаушы қазір Қызылорда қаласындағы медициналық ұйымдарға жатқызылды. Оның ішінде 17 адам облыстық көпбейінді ауруханада (5 науқас реанимация бөлімшесінде) жатыр, 4 пациент қалалық ауруханада (1 пациент реанимация бөлімшесінде жатыр).
Барлық пациент дәрігерлердің бақылауында және тиісті ем қабылдауда. Қажет болған жағдайда, санитарлық авиация борты мен мобильдік бригада науқастарды орталыққа тасымалдауға дайын тұр.