ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде отандық медицина өнеркәсібін дамыту жолдары талқыланды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде отандық медицина өнеркәсібін дамыту жолдары талқыланды

Бүгін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп, бейінді қауымдастықтар, мемлекеттік және сараптамалық ұйымдар өкілдерімен кездесуде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қазақстандық өндірісін дамытудың проблемалық мәселелерін талқылады. 

Өзінің кіріспе сөзінде министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық фармацевтика саласын дамыту және 2025 жылға қарай еліміздің меншікті фармацевтика өндірісінің үлесін 50% - ға дейін жеткізу туралы алға қойылған міндеттердің маңыздылығын атап өтті.

"Денсаулық сақтау министрлігі осы секторды дамытуда отандық өндірушілерге барлық күш - жігерді шоғырландыруға және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, бұл мемлекет пен кәсіпорындардың бірлескен ынтымақтастығы арқасында қол жеткізуге болатын және іске асырылатын біздің ортақ мақсатымыз", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Кездесу барысында өнеркәсіпті дамыту мәселелері, тосқауылдар мен оларды еңсеру жолдары туралы "Химфарм" АҚ госпитальдық бизнес және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Айгүл Исенова мен "Нобел АФФ" АҚ Бас атқарушы директоры Светлана Киль сөз сөйледі.

Олар проблемалық мәселелер арасында демпинг түріндегі жосықсыз бәсекелестікке қарсы күрес тетігінің жоқтығын, генетикалық препараттар нарығына жедел шығу үшін кедергілерді және т.б. атап өтті.

Отандық өндірушілер орын алған проблемаларды шешу үшін нақты шаралар ұсынып, бірден министрден кері байланыс алды.

"Бізге мықты жеке реттеу базасы және медициналық бұйымдарды өндіру үшін нормативтік құқықтық актілер тізбесі қажет", — деп есептейді медициналық бұйымдарды өндірушілер қауымдастығының басшысы Гүлмира Мұхамеджанова. Ол Қазақстанда, ЕАЭО, ЕО-да медициналық бұйымдарды реттеу және медициналық өнеркәсіп кластерін құру мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ, «Қазақстан Мединдустриясы» Отандық медициналық бұйымдарды, медициналық өнімдерді өндірушілер одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Серікбол Мусинов отандық медицина өнеркәсібін дамыту жолдары туралы өз пікірін білдірді.

Кеңеске қатысушылардың соңғы сөздеріне түсініктеме бере отырып, Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрлігінің "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексіне кейбір толықтыруларды енгізу шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлу бөлігінде өзгерістер енгізуді қарауға дайын екенін айтты.

Сонымен қатар, Ажар Ғиният кездесу қатысушыларына Мемлекет басшысының медициналық техниканы орталықтандырып сатып алу жөніндегі тапсырмасының орындалуы, оның ішінде рәсім механизмі мен осы бағытта іске асырылған дайындық шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сондай-ақ, кеңес барысында "Ақтөберентген" АҚ атқарушы директоры Марс Махмутов, "Био-Еуразия "ҒӨК" ЖШС коммерциялық директоры Рүстем Сабиев, "Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық кластері" ЗТБ президенті, профессор Бекайдар Нұрмашев сөз сөйледі.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша кездесу Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының алаңында өтті. 

2021 жылдың желтоқсанында фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту мәселелері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне берілгенін естеріңізге сала кетейік.