
Бүгін Алматыда онкология, радиология, сәулелік терапия, хирургия және аралас салалар бойынша 5000 жетекші мамандардың қатысуымен ТМД және Еуразия елдерінің онкологтары мен радиологтарының XIII съезі өз жұмысын бастады.
Форум аясында бірқатар халықаралық ұйымдардың (WHO, IGCS, NCI, UICC, ESMO, ASCO, ESGO, EURAMA) беделді сарапшылары мен әлемнің көптеген елдерінің тәжірибелі мамандарының қатысуы күтілуде.
"Барлық онкологтар мен радиологтар үшін қажетті ғылыми іс-шараның Қазақстанда өтілуі қуантады. Бұл оқиға еліміздің ТМД-ға төрағалық ету жылымен сәйкес келеді. Съезд азаматтардың денсаулығын қорғау ісінде онкология сияқты әлеуметтік маңызы бар бағыт үшін қажетті ғылыми және практикалық оқиға", - деді съезд делегаттарына денсаулық сақтаудың бірінші вице-министрі Марат Шоранов.
Ол Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес Денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
"Онкопатологияны диагностикалау және емдеу медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Отандық онкология тәжірибесіне молекулалық-генетикалық және иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия, жоғары технологиялық сәулелік және химиотерапия, иммунотерапия, аз инвазивті, лапороскопиялық, ағзаны сақтайтын операциялар сияқты ісіктерді ерте диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері кеңінен енгізілген", - деді М.Шоранов.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, қазақстандық ғалымдардың ТМД және Еуразия елдерінің ғылыми онкологиялық орталықтарының жетекші ғалымдарымен әріптестігі белсенді дамуда.
Форум аясында қатерлі ісіктердің алдын алу мен ерте анықтаудан бастап оңалтуға дейінгі онкологиялық бейіндегі бірқатар өзекті мәселелерді және паллиативтік көмек мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Сектораралық ынтымақтастық, саланы ұйымдастыру және қаржыландыру, радиациялық медицина, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қазіргі заманғы хирургия мәселелеріне, пациент ұйымдарымен жұмыс істеуге және басқа да аспектілерге ерекше назар аудару көзделеді.