ҚР ДСМ БАСШЫСЫ МЕН ДДҰ ЕӨБ ӨКІЛІ СЕРІКТЕСТІКТІ ЖАНДАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ҚР ДСМ БАСШЫСЫ МЕН ДДҰ ЕӨБ ӨКІЛІ СЕРІКТЕСТІКТІ ЖАНДАНДЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының елдік стратегиялар және денсаулық сақтау жүйелері бөлімінің директоры Наташа Аззопарди-Мускатпен кездесу өткізді, онда тараптар өзара серіктестікті жандандыру мәселелерін талқылады.


ҚР ДСМ басшысы кездесуді аша отырып, Қазақстан ДДҰ-мен стратегиялық ынтымақтастықтың жақтаушысы болып қала беретінін және жақында Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ көпбейінді ауданаралық аурухана базасында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету бойынша демонстрациялық алаңның ашылуы осының дәлелі екенін атап өтті.


"Халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету жөніндегі Астана декларациясының қағидаттарына деген адалдығымызды тағы да растағымыз келеді. Осы мақсатта МСАК деңгейінде мультидисциплинарлық командаларды, ауруларды басқару бағдарламаларын және жылжымалы медициналық кешендерді енгізу сияқты тәсілдерді белсенді түрде енгізудеміз", - деді А.Ғиният.


Сонымен қатар, ол ДДҰ-ның МСАК және ҚР ДСМ бойынша географиялық-қашық орналасқан офисі командасының үйлесімді жұмысы ДДҰ-ның Еуропалық өңірінің басқа елдерінің сарапшыларына мультидисциплинарлық командаларды ұйымдастыру әдісін көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті.


"Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау "Дені сау ұлт"" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде инфекциялық емес аурулармен алдын алу күресі туралы айта келе, министр Қазақстан СӨС насихаттаумен қатар, азаматтардың денсаулығы үшін күрестің экономикалық шараларын енгізумен де айналысатынын хабарлады.


"Біз қазір жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобамызда аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлеміз. Салауатты өмір салтын насихаттау - оның үлкен бөлігі. Темекі өнімдерін, құрамында қант бар сусындарды шектеу мәселелерінде біз пандемиядан кейінгі экономикалық дағдарысқа сілтеме жасай отырып, акциздерге қатысты бұрынғы нормаларды қорғауға тырысатын белгілі бір ұйымдардың қарсылығын жеңуге мәжбүрміз", - деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.


Сондай-ақ, А.Ғиният халықаралық ұйымның өкілін елдегі психикалық және ментальді денсаулықты қорғау қызметінің дамуы туралы хабардар етті.
"Қызмет төрт бағыттан тұрады. Бұл психикалық денсаулық туралы хабардарлықты арттыру; психикалық денсаулықтың бұзылуының алдын-алудың мақсатты бағдарламалары; психикалық денсаулықтың бұзылуын басқару, оның ішінде бұрын анықтау және тиісті көмекке қол жетімділікті қамтамасыз ету; клиникалық хаттамаларға сәйкес мамандандырылған медициналық көмек", - деді министр.


Сонымен қатар, агенттік медицина қызметкерлерінің өздеріне психологиялық көмек көрсету, әсіресе COVID-19 пандемиясынан туындаған ұзаққа созылған психоэмоционалдық қысымның салдарын еңсеру бөлігінде жұмыс жүргізуде.


"Біз медицина қызметкерлері мен пациенттердің өзара қарым-қатынасы мәселесін бірнеше рет көтеріп отырмыз. Пандемия пациенттердің де, медицина қызметкерлерінің де эмоционалды жағдайына әсер еткенін мойындау керек. Шиеленіс пен байланысу проблемалары туындағандықтан қазір осы қарым-қатынастарды "қайта іске қосуымыз" керек. Бұл бағытта біздің министрлік арнайы жобаларды жүзеге асыруға ниетті, жалпы, алда үлкен жұмыс күтіп тұр", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Өз кезегінде, ДДҰ ЕӨБ елдік стратегиялар және денсаулық сақтау жүйелері бөлімінің директоры Наташа Аззопарди-Мускат кездесу барысында Қазақстанның мультидисциплинарлық тәсілді енгізу бойынша табысты қазақстандық тәжірибені экстраполяциялау есебінен бүкіл Орталық Азия өңірінің МСАК қызметтерінің тиімділігін арттыруға қосқан үлесін айтты.


"Біз МСАК деңгейінде мультидисциплинарлық тәсілді және психологиялық көмек көрсетуді енгізе, сондай-ақ Әлеуметтік және медициналық көмектің интеграциясын жүзеге асыра отырып, Қазақстан МСАК дамыту бойынша жетекшілікте екенін мойындаймыз. Біз Қазақстан шын мәнінде басқа елдерге оң үлгі көрсетіп отыр деп ойлаймыз", - деді ДДҰ ЕӨБ өкілі.


Ол Еуропалық өңірлік бюроның кеңсесі ҚР-да скрининг бағдарламаларын кеңейту мен енгізуде қолдау мен көмек көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.


"Мен балалар арасында олардың дамуын бағалауға көмектесетін неонаталдық скринингке назар аударғым келді. Баланың дамуына ертеден салынған инвестициялар өтеліп, олар оның өмір бойы денсаулығы үшін өте маңызды болады. Біз бұл бағытта неонатальды скринингтер өткізуге қолдау көрсетуге дайынбыз", - деді Наташа Аззопарди-Мускат.
Соңында тараптар тиімді серіктестікті жалғастыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға үміт білдірді.


Сапар барысында доктор Аззопарди міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысымен танысып, медициналық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.