
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың және ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шакизат Халықованың төрағалығымен мониторингтік топ ауылдық жерлердегі жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету бойынша жағдайды бағалау үшін Павлодар облысының медициналық ұйымдарына барды.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында мониторингтік топ босандыру және балалардың денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша оқыту семинарын өткізді.
Мониторинг қорытындысы бойынша Павлодар облысы әкімінің орынбасары Олег Круктың қатысуымен және ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың төрағалығымен ана мен бала өлімін төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті. Сарапшылар бағалау нәтижелерін ұсынып, негізгі проблемаларды атады.
М.Ембергенова медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейінің жеткіліксіздігін, жекелеген аудандарда анестезиолог реаниматологтар мен акушер-гинекологтардың тапшылығын, сондай-ақ перинаталдық көмекті өңірлендіру, медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылы, жүкті әйелдер мен балаларды маршруттау қағидаты тиісті деңгейде сақталмайтынын атап өтті.
Облыстық штаб отырысының қорытындысы бойынша Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасына жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мен сапасын жақсарту үшін тиісті ұсынымдар берілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты негізде аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетуді бағалау және талдау жүргізетінін айта кету керек.