А.Ғиният Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық денсаулық сақтау нысандарын аралады

А.Ғиният Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық денсаулық сақтау нысандарын аралады

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Бірінші кезекте Қызылжар ауданы Знаменское ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны көрді, онда бүгінде пациенттерді екі ЖПД дәрігері, 5 орта буын маманы және 2 кіші буын қызметкері қабылдайды.

Дәрігерлік амбулатория 4 төсек-орынға, күніне 17 келушіге есептелген, 5 жыл бұрын ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген.

Знаменка амбулаториясында 3360 ауыл тұрғыны медициналық көмек алуда, оның ішінде диспансерлік есепте 455 пациент, бір жасқа дейінгі 19 бала патронажда, 11 жүкті әйел бақылауда тұр. 

Министр медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбек жағдайлары, еңбекақысы, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелерін көтерді.

Солтүстік Қазақстан облысында 530 МСАК нысаны жұмыс істейді - бұл елдегі медициналық көмектің бастапқы деңгейіндегі барлық ұйымдардың 10% – ға жуығы. Оның ішінде қалада барлығы 4 объект орналасқан, ауылдағы негізгі саны – 526. Бұл ретте, осы ұйымдар ғимараттарының тозуы 74,8% - ды құрайды.

Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жергілікті атқарушы органдардың назарын ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Медициналық көмектің қолжетімділігі мәселелерін қозғай отырып, А.Ғиният, бірінші кезекте, бүгінгі күні әртүрлі бейіндегі 18 дәрігер жетіспейтін өңірдегі ауылдық денсаулық сақтауды кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін шешудің өткірлігін атап өтті.

"Жергілікті бюджет есебінен студенттер мен медицина қызметкерлерін оқытуға қаражат бөлуді, тұрғын үй беруді және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын, сараланған еңбекақы төлеуді қолдануды қоса алғанда, жас кадрларды ауылда орнықтыру үшін мотивация жасау қажет",- деп атап өтті министр.  

Сонымен қатар, министр ауыл тұрғындары үшін чекап түрінде кәсіби тексерулер тізбесін кеңейту, өткізілетін скринингтердің қолжетімділігін арттыру, ауылдық медицина қызметтеріне бірқатар тарифтерді арттыру бойынша жоспарлар туралы айтты. А.Ғинияттың айтуынша, бұл шаралар,  сақтандырылмаған халықты қоса алғанда, ауыл тұрғындарын кәсіби тексерулермен қамтуды ұлғайтуға, нәтижесінде созылмалы аурулардың және асқынған жағдайлардың өсуін азайтуға мүмкіндік береді.  

Аймақтағы қатынауы қиын ауылдық елді мекендердің көптігін ескере отырып, министр жылжымалы медициналық кешендердің (ЖМК) жұмысымен танысты.

Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, облыста 10 ЖМК жұмыс істейді, олар 2021 жылы 270-тен астам ауылдық елді мекенге барған, бұл ретте ЖМК қызметтерімен 36 мыңға жуық адам қамтылған, бұл 2020 жылдың көрсеткіштерінен жеті есе көп.

Бұл ретте Ажар Ғиният ЖМК әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды, кәсіптік тексерулер жүргізу кезінде ауыл тұрғындарын неғұрлым мұқият және сапалы тексеруді қамтамасыз етуді ұсынды.

Келесі нысан М.Жұмабаев атындағы аудандағы Ноғайбай ауылындағы 150 тұрғынға қызмет көрсететін медициналық пункт болды. Министр емдеу кабинетін, күндізгі стационардың 2 палатасын, акушерлік - гинекологиялық кабинетті және жергілікті дәріхана пунктін қарап шықты.

Барлық нысандарда ведомство басшысы пациенттердің әл-ауқатына қызығушылық танытып, олардың ауылдағы медициналық көмекті жақсарту жөніндегі тілектері мен ұсыныстарын тыңдады.

Өңірді аралау барысында Ажар Ғиният медицина жұртшылығымен, облыс халқымен жекелеген кездесулер өткізуге, медициналық көмек көрсетудің аса толғандыратын мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауға, сондай-ақ брифингте БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беруге ниетті.