
Штаттан тыс бас мамандар институтын жетілдіру және күшейту мәселесі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі В.Ю. Дудник, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Б. С. Байсеркин, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Г. К. Жанғарашева, Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары О. Е. Ысқақов, ҚР ДСМ штаттан тыс бас мамандары қатысты.
Кеңес барысында бейінді департаменттер өкілдерінің балаларға медициналық көмекті ұйымдастыру, әйел адамдарды босандыру және ересек тұрғындарға медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша штаттан тыс бас мамандардың қызметін талдау туралы баяндамалары тыңдалды.
Жыл бойы ҚР ДСМ штаттан тыс бас мамандары жетекшілік ететін бейіндер бойынша сараптамалық кеңестер құрылды, диагностика мен емдеудің 100-ден астам клиникалық хаттамалары, сондай-ақ бейін бойынша медициналық көмек көрсету стандарттары әзірленіп, өзектендірілді.
Штаттан тыс бас мамандарды тыңдау қорытындысы бойынша нефрология, патоморфология, ревматология, токсикология, аллергология жөніндегі жекелеген республикалық орталықтар, МСАК жөніндегі ЕПО орталықтарын құру мәселесін қарау ұсынылды.
Сондай-ақ, бала жасындағы эндокринологиялық патологияны жүргізу ерекшеліктерін ескере отырып, балалар эндокринологтарын штаттан тыс мамандар тобына қосу ұсынылды.
Сонымен қатар, жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделін енгізу бойынша үйлестірушіні және пренатальды УДЗ-диагностика бойынша бас маманды тағайындауға бастама ұсынылды.
Штаттан тыс бас мамандардың жұмысын жетілдіру үшін министрлік өңірлермен өзара іс-қимыл механизмін және қызметті күшейту мәселесін пысықтауды ұсынды.
Осылайша, кеңес қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі штаттан тыс бас мамандарға ағымдағы жылға арналған іс-шаралардың Жол карталарын әзірлеуді және НҚА жетілдіру бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.