
Атырау облысындағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірдегі денсаулық сақтау жағдайы, қазақстандық медицина қызметкерлерін күтетін бірқатар проблемалық бағыттар мен жаңалықтар туралы айтты.
"Бүгінде қала мен ауыл тұрғындары арасында профилактикалық тексерулердің қол жетімділігінде дисбаланс орын алғаны баршаға мәлім. Осыған байланысты ағымдағы жылы ауыл тұрғындары үшін, оның ішінде жылжымалы медициналық кешендер базасында профилактикалық тексеру пакеттерін бірінші кезеңде енгізу жоспарлануда", - деп атап өтті ҚР ДСМ басшысы.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін өңірде 2022 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 7 нысаны ашылады.
2023 жылы 8 нысан: 2 дәрігерлік амбулатория және 6 медициналық пункт ашылады.
Қазіргі уақытта қол жетімділігі қиын ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендердің әлеуеті кеңінен қолданылады.
Ол облыста босандыру және балалар қызметінің шамадан тыс жүктелуі байқалатынын атап өтті. Бұл ретте облыс және қала тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жалғыз стационар - Атырау облыстық балалар ауруханасы.
"Осыған байланысты жедел қызметі бар Қалалық балалар ауруханасын ашу мәселесі қаралады", - деді министр.
Айта кететін жайт, Атырау облысының негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерін талдау қорытындысы өткен жылы бала туудың 1,5% - ға өскенін көрсетеді.
Ағымдағы жылғы 1-5 наурыз аралығында өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне кешенді тексеру жүргізу шеңберінде денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылар тобы Атырау облысына барды.
"Тексеру нәтижелері бойынша ана мен баланы қорғау қызметінің проблемалық мәселелері анықталып, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде жалғасын тауып, тұрақты бақылауда болады", - деді Ажар Ғиният.
Бұдан басқа, министрдің ақпараты бойынша, өңірде жалпы өлім-жітімнің 4% - ға өсуі байқалады (1 мың тұрғынға шаққанда 7,17-ден 7,46-ға дейін, ҚР-9,53). Бұл ретте көрсеткіштің өсуіне қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім айтарлықтай үлес қосып отыр, ол 2021 жылы 3,8% - ға өсті (100 мың тұрғынға шаққанда 124,43-тен 129,19-ға дейін, ҚР-225,63).
Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің өсуінің негізгі себептері мыналар: жүргізілетін скринингтердің төмен деңгейі мен сапасы; қан айналымы патологияларын анықтау бойынша клиникалық-диагностикалық қызметтердің төмен қолжетімділігі (СМАД, ХМЭКГ, ЭХОКГ), сондай-ақ кардиологтар мен кардиохирургтардің жеткіліксіздігі.
"Өңірде балаларға кардиохирургиялық оталар жасалмайды, осылайша жедел емдеу үшін ата-аналар Нұр-Сұлтан қаласының Ана мен бала ғылыми орталығына жоспарлы түрде жатқызуды күтуге мәжбүр", - деп атап өтті А.Ғиният.
Журналистердің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және импорттық препараттар бағасының өсу мүмкіндігі туралы сұрақтарына жауап бере отырып, министр "СК-Фармация" дәрі-дәрмектерін сатып алу жылдық көлемнің 93% - ы көлемінде жүргізілгенін атап өтті.
Министр сондай-ақ журналистердің отандық медициналық өнімдердің өндірушілерін қолдауға, ауруханаларды біріктіруге, түрлі патологиялары бар жаңа туған нәрестелер санының көбеюіне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы бұл ретте балалардың мүгедектігін болдырмайтын пренаталдық скринингтерді міндетті түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
Журналистің медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерімен әлсіз коммуникация жайлы сұрағына жауап ретінде Ажар Ғиният барлық денсаулық сақтау және клиника басшыларына халыққа жедел және сапалы кері байланыс беруді, әлеуметтік желілерде диалог жүргізуді тапсырды.
"Осындай күрделі әрі сезімтал салада халықпен жұмыс істейсіздер, сондықтан әрбір дәрігер өз пациенттерімен сөйлесуді үйренуі керек, әрбір бас дәрігер өз халқы үшін мүмкіндігінше қолжетімді болуы тиіс", - деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрі.