Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығын А.Костюк басқарды

Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығын А.Костюк басқарды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің "Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы" ШЖҚ РМК басқарма төрағасы қызметіне Александр Владимирович Костюк тағайындалды.

1970 жылы 27 шілдеде Иваново облысы Иваново қаласында дүниеге келген.

1993 жылы Астана медицина университетін "Педиатрия" мамандығы бойынша бітіріп, "дәрігер – педиатр" біліктілігі берілді. 1997 жылы "Фармакология және клиникалық фармакология" мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін "Астана медицина университеті" КЕАҚ-да (1993-2010 жж.) 17 жыл жұмыс істеді, онда клиникалық фармакология, педиатрия және қоғамдық денсаулық сақтау кафедраларында педагогикалық, ғылыми және емдеу қызметін үйлестіре отырып, аспиранттан кафедра меңгерушісіне дейінгі жолды өтті.

Вирджиния Достастық университетінде (Ричмонд, АҚШ) "Саясат, экономика және денсаулық сақтау менеджменті" мамандығы бойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросында "Денсаулық сақтау менеджменті және төтенше жағдайларды басқару" мамандығы бойынша және Халықаралық денсаулық сақтауды экономикалық бағалау, медициналық нәтижелерді бағалау ұйымында (ISPOR) "Саясат, экономика және денсаулық сақтау технологияларын бағалау" бағыты бойынша оқыды.

2010-2013 жылдар аралығында республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының медициналық технологияларды стандарттау және бағалау орталығын басқарды (қазіргі уақытта Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО).

Республикалық дәрігерлерді дипломнан кейін оқыту институтының білім беру қызметі жөніндегі проректоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің денсаулық сақтау технологияларын бағалау және саясат кафедрасының меңгерушісі, Қазақстандық денсаулық сақтау технологияларын бағалау агенттігінің басшысы, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының ұтымды клиникалық практика орталығының басшысы, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының баға белгілеу сараптамалық-талдау орталығының басшысы ретінде, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек саясаты департаментінде қызмет атқарды.

2021 жылдан бастап – денсаулық сақтау саясаты мен экономикасы, ұтымды клиникалық практика, дәрілік саясат және денсаулық сақтау технологияларын бағалау жөніндегі консультант, ДДҰ сарапшысы.