Президенттің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі баяндады

Президенттің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі баяндады

ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Жандос Бүркітбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

"2021 жылы Мемлекет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне елімізде бар медициналық жабдықтарға түгендеу жүргізуді тапсырды. Алғаш рет ауқымды түгендеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының жарақтандырылу деңгейі - 83%-ды, медициналық техниканың тозуы - 49% - ды құрайды. Түгендеу шеңберінде медициналық техниканы басқарудың ақпараттық жүйесі түрлендірілген", - деп хабарлады Жандос Бүркітбаев.

Медициналық техникамен қамтамасыз ету жүйесін талдауға сәйкес негізгі проблемалар: қолда бар медициналық жабдықтар паркінің жеткіліксіз жарақтандырылуы және тозуының жоғары деңгейі; жергілікті жерлерде медициналық техниканы сатып алу кезінде бағалардың шашырауы; медициналық техника лизингінің қолжетімді тетіктерінің болмауы; сондай-ақ отандық медициналық аспап жасауды дамытудың жеткіліксіздігі.

Аталған проблемаларды шешу үшін "СК-Фармация" ЖШС базасында медициналық техниканы сатып алуды екі кезеңде орталықтандыруды жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұдан басқа, Үкіметтің шешімімен 2025 жылға дейінгі басым бағыттар бойынша медициналық техникамен жабдықтау бағдарламасын бекіту жоспарлануда.

"Осы шараларды іске асыруды жоспарлау мен сатып алудың ашықтығына қол жеткізуге; қажетті медициналық жабдықтармен жарақтану деңгейін арттыруға; сатып алуды шоғырландыру және техникалық тапсырмаларды біріздендіру есебінен сатып алынатын медициналық техниканың құнын төмендетуге; ҚР медициналық техника нарығындағы отандық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өткіміз келеді", — деді вице-министр.

МЖӘ жобаларын іске асыру бөлігінде ол Президенттің тапсырмасына сәйкес іске асыру тәсілдері қайта қаралғанын, өзекті есептерге сәйкес кезең-кезеңімен жаңа ауруханалар салу қарастырылғанын атап өтті.

Баяндаманың соңында вице-министр коронавирустық инфекциямен күрес аясында халықты вакцинациялау науқаны туралы хабарлады.

Қазіргі уақытта бірінші компонентпен 10 миллионнан астам адам егілді, екіншісі - 9,3 миллион адам.

2021 жылы денсаулық сақтау министрлігі мынадай вакциналарды сатып алды: V спутнигі – 12,8 млн доза; QazVac – 2,4 млн доза; Хаят Синофарм – 1 млн доза; Синофарм – 4 млн доза; Синовак – 500 мың доза; Пфайзер – 4 млн доза.

Осылайша, 2021 жылы денсаулық сақтау министрлігі жалпы коронавирустық инфекцияға қарсы 24,8 млн-нан астам доза вакцинамен қамтамасыз етті, оның ішінде 4 вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген.

"Ағымдағы жылы халықты ревакцинациялау үшін QazVac вакциналары - 500 мың доза және Лайт спутнигі – 150 мың доза жеткізілді. Бұл ретте Қарағанды фармацевтикалық кешенімен аталған вакциналар өтеусіз негізде берілді. Сондай-ақ, биыл көлемі 2 млн доза болатын Синофарм вакцинасы жеткізілді. Алдағы уақытта отандық QazVac вакцинасын ай сайын 500 мың дозада және Пфайзер вакцинасының 1 млн дозасын жеткізу жоспарлануда", - деп хабарлады Жандос Бүркітбаев.