
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жоба аясында оның атына және денсаулық сақтау жүйесіне келіп түскен өтініштер туралы хабарлады.
"Өткен аптада, "100 күн-100 сұрақ" ашық диалогы бойынша жоба басталған күннен бастап, менің мекен-жайыма және жалпы денсаулық сақтау жүйесінің мекен-жайына 842 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 50 - ден астам мәселе жедел түрде шешілді, қалған 792-сі жұмысқа қабылданды", - деді министр.
ҚР ДСМ басшысының айтуынша, халықтан сұрақтардың басым бөлігі денсаулық сақтаудың түрлі аспектілеріне, соның ішінде вакцинацияға, онкологиялық диспансерлерге, ақпараттық жүйелерге, коронавирустық инфекциямен күреске қатысты.
Сондай-ақ, дәрігерлік қоғамдастық үндеулер мен ұсыныстарда медициналық қызметтер мен тарифтерді қаржыландыру, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, медициналық білім беру сапасы және денсаулық сақтаудың басқа да көптеген бағыттарын толғандыратын мәселелерді көтереді.
"Сіздердің идеяларыңыз, ұсыныстарыңыз біз үшін аса құнды, оларды егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін біз оларды медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыру және медицинаның басқа да аса маңызды аспектілері жөніндегі жұмыс жоспарына қосу бойынша жұмыс істей бастаймыз. Өтініштердің саны күн сайын артып келеді, әрбір мәселе бойынша талдау жүргізілетініне және қойылған сұрақтардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынына кепілдік беремін", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Ведомство басшысы жақын арада жоба аясында жұртшылықпен кездесулер өткізілетінін айтты.
"Осы жоба аясында өңірлерге шығып, тікелей диалог барысында азаматтардан келіп түскен мәселелерді талқылау бойынша медициналық жұртшылықпен және халықпен кездесулер өткізуді жоспарлап отырмын. Бір аптаның өзінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастыру және бар кедергілерді шешу жолдары мәселелері бойынша онлайн-кездесулер өткізу жоспарлануда", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Министр денсаулық сақтаудың жүйелі мәселелерін пысықтау бойынша өз ұсыныстарын білдіргендердің барлығына алғысын білдіріп, мекеме денсаулық сақтауды дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындау үшін сындарлы диалогқа және кері байланыс орнатуға дайын екенін айтты.