
Қазақстанда коронавирустық инфекциямен сырқаттану соңғы екі аптада 32%-ға төмендеді, деп хабарлады бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев.
«ҚР-да коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі күні Қазақстан Республикасындағы 15 өңір «жасыл аймақта», 2 өңір сары аймақта - Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы, өңірлер қызыл аймағында жоқ», - деп хабарлады министрдің міндетін атқарушы.
Республикада халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау жалғасуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінгі күні 1-құрамдауышпен тиісті ересек тұрғындарды қамту 78,6%-ды, екінші құрамдауышпен - тиісті ересек тұрғындардың 74,4%-ын құрады.
«Әлемде сырқаттанушылықтың өсуін және «Омикрон» штаммы нұсқасының кең таралуын ескере отырып, халықты вакцинациялау қарқынын арттыру және тиісті халықты вакцинациялауды аяқтау қажет», - деп атап өтті Жандос Бүркітбаев.
Оның айтуынша, вакцинация басталғаннан бері науқастардың 95% вакцинацияланбағандарға тиесілі.
Сонымен қатар, вакцинацияланғандардағы бірқатар шетелдік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес инфекциядан қорғау 6 айдан кейін орта есеппен 1,8 есе төмендейді.
Қазіргі уақытта КВИ бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау маңызды.
Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдарға вакцинация жүргізуді жандандыру және халықты жаппай қайта вакцинациялауды жеделдету қажет.
Қазіргі уақытта ревакцинацияға 9,2 млн. адам жатады, оның 400 мыңнан астамы ревакцинацияланған.
2022 жылдың желтоқсанынан 1 тоқсанына дейін вакцинаның 5,0 млн. дозасын жеткізу жоспарлануда.
Бұдан басқа, сауда-ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне; спорттық-сауықтыру орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарға; караоке; бассейндер; сауналар, моншалар; банктер; «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, ХҚКО-ларға тек «ASHYQ» қосымшасы бойынша жасыл мәртебесі бар тұлғаларға кіруге рұқсат беру бөлігінде қосымша алдын алу шараларын күшейту ұсынылады.
Бұл норманы 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап енгізу ұсынылады.