
Бүгін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас кеңсесінде денсаулық сақтаудың бірінші вице-министрі Марат Шоранов пен «ӘМСҚ» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежановтың Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Бехзод Мусаев бастаған өзбек делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу тәжірибесін егжей-тегжейлі талқылады.
Медициналық сақтандыру қорының басшысы Б.Төкежанов негіздері осыдан он жыл бұрын елімізде медициналық қызметтер үшін бірыңғай төлеуші құру және денсаулық сақтау бюджетін шоғырландыру кезеңінде қаланған МӘМС реформасын іске асыру кезеңдері бойынша қысқаша экскурсия ұсынды.
2016 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды, ол ТМККК шеңберінде және МӘМС бойынша Медициналық көмекті Стратегиялық сатып алушы болып табылады.
Халық үшін МӘМС жүйесінің жалпыға ортақ іске қосылуы 2020 жылғы 1 қаңтарда болды. Бастапқыда МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтер жарналардың болуына және сақтандырылушының мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға ұсынылатын жеңілдікті кезең көзделген болатын.
Бірінші вице-министр М. Шорановтың айтуынша, МӘМС енгізу кезінде денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандырудың қолайлы моделін таңдау үшін халықаралық тәжірибені терең талдауды қоса алғанда, құзыреттер орталықтарын құру, НҚА әзірлеу, аурухана инфрақұрылымын кеңейту, тариф белгілеу қағидаттарын біріздендіру, кадрлық қамтамасыз ету бойынша ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді.
Бұл ретте, вице-министр медициналық сақтандыру қорының стратегиялық сатып алушы ретіндегі рөлі оның алдындағы - Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінен медициналық-демографиялық көрсеткіштерге, өңірлік ерекшеліктерге байланысты медициналық көмекке қажеттілікке талдау және болжамдар жүргізумен, сондай-ақ пациенттің медициналық ұйымды таңдау, азаматтардың табыстары мен олардың тұратын жеріне қарамастан медициналық қызметтерге қол жеткізу қағидаттарымен түбегейлі ерекшеленетінін атап өтті.
Өзбек делегациясымен диалогта Қор басшысы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің отандық денсаулық сақтауды дамытуға әсері, атап айтқанда, медициналық көмекті қаржыландыру көлемінің айтарлықтай өсуі туралы айтты.
«МӘМС енгізу нәтижесінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есеге артты: 2019 жылғы 2,2 млрд АҚШ долларынан 2021 жылы 4,9 млрд АҚШ долларына дейін. Бұрын толық қаржыландырылмаған медицина бағыттарын қаржыландыруда айтарлықтай өзгерістер болды. Медициналық оңалтуды қаржыландыру 7 есе өсті, консультациялық-диагностикалық көмекке 6 есе көп қаражат бөлінді. Осылайша, медициналық сақтандыруды іске асыру халық үшін медициналық көмектің, оның ішінде қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және оны көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді», – деп хабарлады ӘМСҚ басшысы Болат Төкежанов.
М. Шорановтың айтуынша, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды, онда МӘМС енгізілгеннен кейін шалғай елді мекендердің тұрғындарын медициналық қызметтермен кеңінен қамту мақсатында ақы төлеудің ынталандырушы шаралары қолданыла бастады. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына 142 жылжымалы медициналық кешен медициналық көмек көрсетуде, ал жалпы 2 млн-нан астам медициналық қызметті қазақстандық ауыл тұрғындары алды.
Сонымен қатар, Марат Шуранов атап өткендей, МӘМС енгізу жергілікті емханалар арқылы жеке тариф бойынша мектеп медпунктерінің жұмысын қаржыландыруға мүмкіндік берді, олар балаларды тұрақты кәсіби тексеруді жүргізу бойынша міндеттемелер алды. Бұл тәсіл ерте жастағы аурулардың алдын алуды жаңа деңгейге көтеруге және жас ұрпақтың сауығуына әсер етеді.
Өзбекстан Республикасы делегациясының мүшелері ҚР-да медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және дамыту тәжірибесіне үлкен қызығушылық танытты.
Денсаулық сақтау министрі Бехзод Мусаев Өзбекстанда медициналық сақтандыру жүйесін енгізу ісіне қолдау көрсетуге дайын екендігі және ашықтығы үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдірді.
Ол қазақстандық әріптестерінің ұсынымдарын ескере отырып, олар сақтандыру медицинасын құрудың стратегиялық жоспарын әзірлеуге және отандық денсаулық сақтауды трансформациялау процестерін табысты іске асыруға қол жеткізетініне сенім білдірді.
Екі күндік сапар аясында өзбек делегациясы «Фармация» СК дәрілік заттардың бірыңғай дистрибьюторы басшылығымен кездесу өткізді, сондай-ақ ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында болып, жаңа технологиялар негізінде денсаулық сақтауды дамыту бойынша пікір алмасты.