Алексей Цой Мәжіліс депутаттарына биоқауіпсіздік туралы заң жобасын таныстырды

Алексей Цой Мәжіліс депутаттарына биоқауіпсіздік туралы заң жобасын таныстырды

Бүгін Мәжілісте Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті, онда депутаттар бірнеше заң жобаларын қарады.

Мәселен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында және 2020 жылғы 16 қарашада коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында ведомство мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын ұсынды.

«Заң жобасының бас тұжырымдамасы биологиялық қатерлерді ерте анықтау, болдырмау және алдын алу болып табылады», - деп атап өтті министр биологиялық қатерлердің негізгі көздерін белгілеп.

Алексей Цойдың айтуынша, бұл аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары; халық пен жануарлардың белсенді көші-қоны, тауарлардың, оның ішінде қосарланған мақсаттағы айналымның нәтижесінде қауіпті инфекциялардың әкелінуі; патогенді биоагенттерге санкцияланбаған қол жеткізу, олардың реттелмейтін және еркін айналымы; Төтенше жағдайлар және терроризм актілері нәтижесінде жоғары қауіп көздеріне әсер ету; сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі.

Осыған байланысты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі басшысының қорытындысы бойынша мұндай қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін қалыптастыру талап етіледі.

Атап айтқанда, заң жобасымен ҚР Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы шеңберінде реттеу; биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын талаптарды біріздендіру; микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін регламенттеу ұсынылады.
Бұдан басқа, үйлестірілген мемлекеттік басқару жүйесін, патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингілеудің бірыңғай жүйесін, биотәуекелдерді басқару және биоқауіптерді болжау жүйесін құру қажет.

Бұл ретте бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға әзірлігі қамтамасыз етілуге, сондай-ақ мемлекеттік реттеудің алдын алу функциясы күшейтілуге тиіс.

«Үкімет нұсқасындағы заң жобасы жоғарыда аталған тәсілдерді іске асыруға бағытталған 8 тараудан және 32 баптан тұрады, сондай-ақ қолданысқа енгізу үшін алты айлық өтпелі кезеңді және патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге рұқсаттарды ресімдеу және қайта ресімдеу үшін қосымша 6 айды көздейді», - деп баяндады Алексей Цой.
Бұдан әрі денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тағы бір заң жобасының таныстырылымын өткізді.

«Заң жобасын әзірлеу салалық заңнаманы «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіру, Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін құру мақсатында реттеуші тетіктерді жетілдіру және талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу қажеттілігімен негізделген», - деп атап өтті ҚР ДСМ басшысы.

Бұл заң жобасы үкіметтік нұсқада 13 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекс пен 10 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.

Бастамалардың қатарында ең қауіпті биоагенттермен жұмыс істейтін ұйымдарды алдағы тексеру туралы алдын ала хабарлауды қоспағанда, биоқауіптерді есепке алу, мониторингілеу және бағалау деректері негізінде нақты мемлекеттік бақылауды енгізу, сондай-ақ қауіпті патогендерді заңсыз қолданғаны, өткізгені және ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу бар.

Бұдан басқа, денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жөніндегі қызметтерді лицензиялауды енгізу; биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қорғаныс министрлігінің өкілеттіктерін толыққанды іске асыру үшін тиісті реттеуді белгілеу; уәкілетті органды террористік қатерлерге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесіне қосу; патогендігі I топтағы ПБА-мен жұмыс істеуді жүзеге асыратын әлеуетті қауіпті объектілерді стратегиялық объектілерге жатқізу ұсынылады.