
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен әйелдер мен балалардың денсаулығы мен репродуктивті әлеуетін сақтау мен нығайтудың проблемалық мәселелері бойынша «Елдің репродуктивті әлеуеті» атты ғылыми онлайн-симпозиумы өтті. Отырысқа ана мен бала денсаулығы бойынша мамандандырылған ғылыми орталықтар мен департаменттердің өкілдері қатысты.
«Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда туу көрсеткіші 8,4 % - ға артты - 1991 жылғы 21,0-ден 2021 жылы 22,76-ға дейін. Аборттар саны 1991 жылы 3,7 есеге - 264 936, 2021 жылы – 71 526 азайды», - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Вице-министрдің айтуынша, біздің еліміз әлемдік қоғамдастықтың белсенді қатысушысы болып табылады, халықаралық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатып, медицинада заманауи технологияларды енгізуде. Қазақстан халықаралық міндеттемені орындауды және кез келген жастағы барлық азаматтардың салауатты өмір салты мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы мақсатына қол жеткізуді өзіне алды.
Мемлекеттің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуының берік іргетасы ретінде халықтың денсаулығы мен репродуктивтік әлеуетін сақтау және нығайту мәселелері мемлекет саясатындағы негізгі басым бағыт болып табылады.
«Елдің репродуктивті әлеуеті» ғылыми симпозиумы қазіргі медицинадағы өзекті және маңызды тақырыптардың бірі екенін атап өткен жөн. Әйелдердің, өскелең ұрпақтың ұрпақты болу денсаулығының жай-күйін жақсарту, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу, түсік түсіру санын азайту, жүктіліктің және босанғаннан кейінгі кезеңнің асқынуларын азайту, бедеуліктің алдын алу және емдеу денсаулық сақтау жүйесінің негізгі бағыттары мен міндеттері болып табылады.
Конференцияда ҚР ДСМ штаттан тыс бас акушер-гинекологы Динара Мирзахметова «Қазіргі кезеңдегі ана мен баланың басымдықтары» тақырыбында баяндама жасады.
Вице – министр А. Ғиният сөз соңында осы саладағы озық тәжірибемен алмасу, Ғылыми орталықтардың, кәсіби қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардың сындарлы диалогы басты мақсат - елдің репродуктивті әлеуетін сақтау бойынша күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.